Қошке (Қошмұхамбет) Дүйсебайұлы Кемеңгеров (15 шілде 1896, бұрынғы Ақмола облысы, Омбы уезі, Теке болысы, Қаржас ауылы – 21 қараша 1937, Омбы) — алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист.

Білім мен білікке ұмтылған Қошке Кемеңгерұлының тағдыр-талайы зиялыларымыздың жарқын ғұмырымен қат-қабат байланысып жатыр.Ол 1915 жылдан бастап 1930 жылға дейін үзіліссіз ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосты. Осы уақыт аралығында Қошке өз қатарластарымен бірге отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күреске қатысты. Оның сан салалы ізденіске толы ұлтты дамыту жолындағы қызметін 30-жылдары басталған Кеңес өкіметінің репрессия науқаны үзді.

Өмірбаяны Қошке Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілдеде сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Ақмола облысы, Омбы уезінің Қаржас ауылында дүниеге келді. Арғын тайпасының Сүйіндік руының Қаржас бөлімінен шыққан. Ата-бабасы мұнда Баянауылдың Сарытауынан қоныс аударған болатын. Деректерге қарағанда, Шорман би “Омбыға барғанда тамақ ішетін, намаз оқитын жерім жоқ” деп, баласы Мұса оқыған кадет корпусы көрінетін Ертістің сол жақ бетінен 250 сомға жер сатып алып, сол жерге 1849 жылы сенімді ағайыны Атанұлы Кемеңгерге, өзіне арнайы үй салдырып, қызметшілері үшін тұрғын жай, малы үшін қора-қопсы тұрғызады. Кемеңгер Дүйсенбай, Дүйсебай есімді екі ұл сүйген. Дүйсебайдан тарайтын Қошмұхамбет есейе келе қалам ұстағанда, жазғандарына “Қошке Кемеңгерұлы” деп қол қояды.

Арғын тайпасы Сүйіндік руының Қаржас атасынан шыққан.http://www.enu.kz/downloads/materials/sb-3.pdf

Діндар Дүйсебай ерте жастан хақ жолына түсіп, бойдақ күнінде-ақ Меккеге барып келіп, қажы атанады. Осы қасиетті Меккеге барарда ол Атығайдың беделді мырзасы Қартабаймен сапарлас болады. Жас Дүйсебайды Қартабай қатты ұнатып, елге келгенде оған Жәмила есімді қызын өз қолымен ұзатады. Сонымен болашақ қаламгер көзі ашық, ауқатты, берекелі отбасында туып, жан-жақты тәрбие алды.

Білімі Қисықтағы Қаржаста Белгібай молдадан оқыған Қошкені әкесі Омбы приход школына береді (Бұл кезде мұсылманша оқу орны – мектеп, медресе, орысша оқу орны – школа, училище аталған). Алғаш христиан дініне тарту үшін ашылған приход школдары мұсылмандардың ниетін аңғарғаннан кейін олардың балаларын “Божий Закон” сабағынан босатқан-ды. Жас Қошке осы школдан орыс тілін, басқа да пәндердің негіздерін үйреніп шығады.

Мұнан кейін Қошке Омбының ветеринарлық-фельдшерлік школына түседі. Арнаулы оқу орны болғандықтан мұнда ол зоотехника, медицина негіздері бойынша сабақ алады. 1913 жылы аталған школдың 2-класын бітіргенде, Омбы ауылшаруашылық училищесіне түсуге аңсары ауады. Осы жылы аталған білім ордасына Қошкемен бірге Ахмет Әбдірахымұлы, Смағұл Қазыбекұлы, Мұхтар Саматұлы сынды шәкірттер де түседі. Бұлардан бір жыл бұрын училищеге Сүлембек Байжанұлы, Бірмұхамед Айбасұлы, Асфандияр Шорманұлы секілді қазақ балалары қабылданған екен. 1916 жылы бұл оқуға Смағұл Садуақасұлы түседі.

1920 жылы 7 желтоқсанда Қазақстанның Сібір ревкомындағы өкілеттігі Сібір ауылшаруашылық және өндіріс институтының басшылығына Қ.Кемеңгерұлы мен М.Сейітұлын ветеринария факультетінің медицина бөліміне курстан тыс қабылдауын өтініп, арнайы хат жолдайды. Қошке осында оқып жүргенде аталған институт аты “Батыс Сібір мемлекеттік медицина институты” болып өзгереді. Бұл уақыттағы мекені туралы қаламгер: “Әке-шешем Омбы уезі, Теке болысы, Қисық жайлауындағы №9 ауылда тұрады. Менің қазіргі мекен-жайым: Омбы қаласы,2-линия, 68-үй”,—деп жазады.

Қ.Кемеңгерұлы ІІІ курсты тәмамдағаннан кейін 1924 жылдың 21 тамызында Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне ауысуға өтініш береді. Сол жылы ол Түркістан Республикасының орталығы Ташкентке кетеді. Мұрағатта мынандай мазмұнда жеделхат тіркелген: “Ташкент. “Ақ жол” газеті редакциясына. Қ.Кемеңгерұлына. Ол ІV курстың дәрісін түгел тыңдады. Омбы. Омбы көшесі, 26-үй. Соколова”. Бұл деректен Қошкенің Ташкентте “Ақ жол” төңірегіне тұрақтағаны байқалады.

1917-1918 жылдардағы саяси оқиғалар тұсында Қошке сергелдеңге түскен халық пен оқығандардың ішінде жүрді. Бұл кезде заман қатал, саясат құбылмалы еді. Осыған қарамай Алаш зиялылары сеңдей соғылысқан жұрттың арасынан бөлінбей, мәмілегерлік жолын іздеді. 1917 жылы сәуірде Қошмұхамбет Кемеңгерұлы Дінше Әділұлын ертіп, Ақмола облыстық қазақ комитеті атынан (Омбыдан) Ақмола қаласына келіп, уездік қазақ комитетін ашады. Оның төрағасы болып Сәкен Сейфоллаұлы тағайындалады. Қазақ комитетін құрушылар Ақмола шаһарында бірде медреседе, бірде қала басқармасының үйінде жиналып, аласапыран заманның қиындығынан халықты қалай аман сақтап қалу жолын ақылдасады.

Қошке Ақмолада Сәкен ұйытқы болған “Жас қазақ” ұйымының жұмысына да қатысады. Бірақ облыстық қазақ комитеті мен уездік қазақ комитеті арасындағы кейбір маңызды мәселелер бойынша туған келіспеушіліктен соң және “Жас қазақ” басшылары Алаш Ордадан бойын аулақ салғаннан кейін 1917 жылы тамызда Қошке Омбыға қайтады. Сол жылы күз, қыс айларында Қ.Кемеңгерұлы Ақмола облыстық Алаш партиясы комитетін ашуға күш-жігер жұмсайды. Сөйтіп, өзі сол комитеттің мүшесі болады. Желтоқсанның 5-13 арасында Орынборда әйгілі Алаш Орда үкіметін жариялайтын ІІ жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысады. Жас тұрғысынан жиырмадан енді асқан ол күрестен де, ізденістен де шет қалмады.

1915-1916 жылдары Омбыдағы қазақ жастары сол жағалаудағы Қаржаста жасырын жиналатын болса, 17-жылғы өзгерістен соң қала ішінде ашық мәжіліс құрды. Алғашқы бас қосулардың нәтижесі – 1918-1919 жылдары Алаш Ордаға қалтқысыз жәрдем берген, ел бірлігі мәселесінде біршама тиянақты жұмыс жасаған “Жас азамат” ұйымы мен газеті еді. Қошке осы ұйымның алқасына кірді, оның Қызылжар қаласында шығып тұрған үні – “Жас азамат” газетіне редактор болды. “Қазақ”, “Сарыарқа”, “Абай” сынды ұлттық басылымдардың ізбасары іспеттес “Жас азамат” бетінде алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған мақалалар нөмір құрғатпай шығып тұрды. Бұл газет большевиктердің имансыз әрекеттерін елге жария қылды. Сондай-ақ қиын кезде жастарды ауызбірлікке шақырды. 1919 жылы Қошке Омбы политехника институтына оқуға түседі. Мұнда ол бірінші курсты ғана оқиды. 1920 жылы Ақмола облысына (орталығы – Омбы) қарайтын Петропавл (Қызылжар) уезіне мұғалімдікке шақырылады. Мұнда ол жаңадан құрылған, аты заманына сай “Қызыл мұғалімдер курсында” оқытушы ретінде дәріс оқи бастайды. Бұл шақта мұнда Мағжан да сабақ беретін. Осы оқуды тәмамдаған, кейін Омбыдағы қазақ педучилищесінің директоры болған Жүнісбек Жанғонақов естелігінде: “Курста 200 мұғалім оқыды. Қошмұхамбет жаратылыс пәнінен сабақ берді. Ол кісі әдебиет мәселесімен де шұғылданып жүретін еді. Қайсы уақытта өзінің жазған әңгіме, пьесаларын қолжазбасынан оқитын”, — деп жазады.

Пьесалары Қызылжар қаласында Қошкенің драматургтік қабілеті де ұштала түсті. Осыған дейін “Әулие тәуіп” секілді пьесасын сахналатып үлгерген Қ.Кемеңгерұлы енді бұл саладағы шығармаларының тақырыбын кеңейтті. Оның қаламынан 1919-1920 жылы “Қасқырлар мен қойлар”, “Бостандық жемісі” атты қос пьеса дүниеге келді. Бұл екеуі де Қызылжардағы қалалық бақтың сахнасында қойылды. Ж.Жанғонақов 1916 жыл оқиғасы туралы “Қасқырлар мен қойлар” пьесасында өзі – урядник рөлін, ал кейін жазушы болған Сәбит Мұқанов – болыстың шабарманы рөлін ойнағанын айтады.

Отбасы 1923 жылдың көктемінде Қ.Кемеңгерұлының жеке өмірінде үлкен оқиға болады: ол профессор Зарницынның жетекшілігімен Қызылжар жерінде халыққа ем-дом көрсетіп жүргенде Мұхамеджанқызы Зурамен көңіл қосып, шаңырақ көтереді. Бұл кезде Қошке студент-практикант еді. Тағдырдың жазғанына не шара, 1924 жылы наурызда Зура бала үстінде дүниеден озады. Осынау трагедия Қошкені есеңгіретіп тастайды. 1925 жылы Қ.Кемеңгерұлы Гүлсім Жәмиқызына үйленеді. Гүлсімнен ол Зайра (1926-2011), Нарманбет (1927-2008), Сәуле (1928-1993) есімді үш перзент сүйеді. Олардан тараған ұрпақ бүгінде Ресейдің Омбы және Алматы, Көкшетау, Астана, Қарағанды облыстарында мекен етеді.

Қ.Кемеңгерұлы Ташкентте

Ол мұнда ұлтқа қызмет ету үшін көшті. 20-жылдары зиялылардың көбі негізінен Ташкентке орнықты. Мұндағы саясат райы салыстырмалы түрде Орынбордан тәуір еді. Түркістанда өкімет басындағылардың ескі оқығандарға ықыласы бөлек болды. Х.Досмұхамедұлы 1922 жылы құрған “Талап” қауымына елшіл азаматтар топтасқан еді. Бұл шақта мұнда Алаш арыстары баспасөз, оқу-ағарту салаларында қызмет жасайтын. Қ.Кемеңгерұлы бір кездері қайраткер Т.Рысқұлұлы көтерген Түркістан конфедерациясы идеясына сенді.

Ташкентке табан тіреген Қошке мұнда 1921-22 жылдардан орныға бастаған Алаш зиялыларымен тығыз қарым-қатынас жасай бастады. Бұл кезде Ахмет пен Міржақып – Орынборда, ал Әлихан Бөкейхан Мәскеудегі “Күншығыс” баспасының қазақ секциясында қызметте еді. Ташкентте Қошке сондай-ақ Халел Досмұхамедұлы, Мұхтар Әуез, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Абдолла Байтасұлы, Даниял Ысқақұлы сынды арыстармен араласып тұрды. Қошкенің Түркістанға ат басын бұрған кезі әйгілі “Алқа” бағдарламасының оқығандар ортасында кеңінен талқыланған шағына тұспа-тұс келді. Бағдарламадағы мына жолдар Қошке мұратымен үндесіп жатты: “Жаңа әдебиеттің тартылса ағұзысы ғана тартылды, біссімілдәсі әлі басталған жоқ. Өміріміздің күнді һәм күңгірт дәуірлері болған һәм бар. Қазақтың өзінің жаратылысқа, өмірге, тұрмысқа көзқарасы, өзінше философиясы, терең сезімі болған һәм бар. Осылардың бірі туралы әлі айтарлық қалам тартылған жоқ. ...Осылар түспей, әдебиет өз әдебиетіміз бола алмақ емес”.

Сәл кейінірек, 1926 жылы “Көркем әдебиет туралы” атты мақаласында осы ойды Қошке таратыңқырап, жүйелеп айтқаны мәлім. Оның көркемөнер табиғаты мен заңдылығы туралы пікірі әлі де көкейкесті.

Ғұмырының Ташкент кезеңі Қ.Кемеңгерұлы шығармашылығының тынысын кеңейтті. Ол Омбыда бастаған “Қазақ тарихынан” зерттеуін аяқтап, Мәскеудегі “Күншығыс” баспасына тапсырды. Аталған баспадан сонымен бірге 1925 жылы қаламгердің “Бұрынғы езілген ұлттар” атты ғылыми еңбегі мен “Қазақша-орысша тілмашы” жарық көрді. Сөздікті түзуге Қ.Кемеңгерұлының жетекшілігімен Байғасқаұлы, Баймақанұлы, Дәулетбекұлы, Темірбекұлы, Сәрсенбайұлы қатынасқан. Қошке осы Ташкентте жүріп 2 кітаптан тұратын қазақ тілінен “Жабыропалықтар үшін оқу құралын” жазды. Оның біріншісі 1928 жылы Ташкентте, екіншісі 1929 жылы Қызылордада басылды.

1918-1919 жылы С.Садуақасұлы: “Жас талап Кемеңгерұлының прозасы келешегінен үміт күттіреді” деп жазғанындай-ақ, Қошке қаламынан оның өмірінің Ташкент жылдарында “Отаршылдық ұсқындары,” “Қанды толқын”, “Момынтай”, “Ерлік жүректе”, “Қазақ әйелдері”, “Жетім қыз”, “Дүрия”, “Назиха” тәрізді тумысы ерекше әңгімелер туды. Суреткер Қ.Кемеңгерұлы әріптесі Мұхтар Әуез, Жүсіпбек Аймауытұлы секілді прозада ұлттық нақышты сақтай отырып, көркем бейнелеудің биігіне ұмтылды. 1925 жылы Қазақстан астанасы Ақмешітке көшті де, шойын жолдың бойындағы бұл қазақы елді мекен Қызылорда деген жаңа атау алды. Осында 1926 жылы 13 қаңтарда мемлекеттік ұлт театры Қ.Кемеңгерұлының “Алтын сақина” пьесасымен тұңғыш шымылдығын ашты. Осы қойылым драматургке игі әсер етіп, 1926 жылы “Парашылдар”, 1927 жылы “Ескі оқу”, 1930 жылы “Күнәсіз күйгендер” атты пьесалар жазып, көрерменге ұсынды. Талантты сыншы С.Садуақасұлы Қошкенің драматургиясын: “Жеке адамның ішкі сыры бұған анағұрлым танысырақ”,- деп бағалады.

Қошке Кемеңгерұлы Ташкентте шебер журналист ретінде де қабілет-қарымын аңғартты. Ол Омбыдан келісімен “Ақ жол” газетінде қызмет істеді, сондай-ақ ғылыми-танымдық “Сана” журналының бірер санына редакторлық етті. “Ақ жол” тілшілерінің 1925 жылы өткен тұңғыш жиынын ұйымдастыруға атсалысты. Әлеумет, шаруашылық, ғылым-білім хақында алуан-алуан мақала жазды. Әдебиет жөніндегі айтыста сындарлы пікір білдірді. Күйбең журналистік, ағартушылық тіршіліктен қолы босағанда замандастары туралы жазбақ болған романына материал жинады. ҰҚК архивінен табылып отырған, 1925 жылы 16 наурызда Д.Әділұлына жазған хатында ол: “Сен өміріңде талай тарихты бастан кешірген жансың ғой. Менің ептеп қаламды ермек ететінімді білесің. Өмір жолыңмен танысқым келеді. Кішкене уақытыңды бөл. Есеп беру кезеңі туды. Мен қазақ зиялылары жөнінде роман жазуға отырдым” дейді.