Ақтөбе () — Батыс Қазақстандағы қала, Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қалалық әкімшілігінің орталығы.
Ақтөбе Қазақстанның батысында, Ақтөбе облысының солтүстік бөлігінде орналасқан. Қала ауданы — 297,39 км². 1997 жылы қала әкімшілігінің құзырына бұрынғы Ақтөбе ауданының аумағы өтті. Құрамына Ақтөбе қаласы мен көршілес бес ауылдық округ енген жаңа әкімшілік-аумақтық құрылымның ауданы 2 338 км² тең болды. Қаланың ішімен [Елек өзені] мен оның тармақтары ағып өтеді, жақын маңда Ақтөбе және Сазды су қоймалары орналасқан. Еуразия құрлығының ішкі бөлігінде, мұхиттардан қашық орналасқандықтан қала климаты континенталды болып келеді.
Ақтөбе Қазақстан қалаларының арасында халық саны бойынша төртінші орында, Батыс Қазақстан өңірінің ең ірі қаласы. Халық саны — 497 381 адам (1 қазан 2019Қазақстан Республикасы халқының облыстар және астана, қалалар, аудандар, аудан орталықтары және кенттер бөлінісіндегі жынысы бойынша саны ). Ақтөбеде көптеген этностар өмір сүреді. Қазақтар>дан (76,3%) кейін саны жағынан ең көп этнос өкілдері орыстар (16,89%) болып табылады. Негізгі діни топтар — мұсылмандар мен христиандар. Қала әкімшілігіне бағынышты бес ауылдық округте 51 508 адам өмір сүреді. Болашақта 1,3 млн адамды «сыйдыруға» тиіс қалыптасып жатқан Ақтөбе агломерациясының құрамына Ақтөбе маңындағы онға жуық елді-мекен кіреді.
Қаланың негізі Ресей империясының қарулы жасағымен Ақтөбе бекінісі ретінде Елек өзенінің сол жағалауында, оң жағынан Қарғалы өзені құятын тұсында қаланды. 1891 жылдың 25 наурызында Ақтөбе Торғай облысының құрамындағы уездік қала мәртебесін иеленіп, орысша атауы Актюбинск болып өзгертілді. Азаматтық соғыс кезінде Ақтөбе Торғай өңірінің революциялық күштерінің орталығына айналды. Қала кезекпен ақтар мен большевиктердің қолына өтті. 1919 жылы қалада біржолата кеңес өкіметі орнады. 1921 жылдан бастап Ақтөбе губерниясының әкімшілік орталығы. 1928 жылы Ақтөбе губерниясы таратылғаннан кейін Ақтөбе округінің орталығы, 1932 жылдан бастап жаңадан құрылған Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы. Бүкіл өңір тұрғындары секілді ақтөбеліктер 1920-шы және 1930-шы жылдары орын алған ашаршылықтан жапа шекті. Ұлы Отан соғысы жылдары қалада бірнеше әскери жасақтар құрылып, жау басып алған аймақтардың кәсіпорындары Ақтөбеге көшірілді. 1991 жылы КСРО ыдырағаннан бастап Ақтөбе тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрамындағы Ақтөбе облысының орталығы. Қазіргі таңда химия, тамақ және жеңіл өнеркәсібі дамыған Ақтөбе қаласы Қазақстанның ірі индустрия және мәдениет орталықтарының бірі.
Атауы, рәміздері нобай|center|277px|Ақтөбенің спутниктен қарағанда көрінісі (2017 ж.) Атауы Қала атауының қазіргі жазылуы 1940 жылы кириллица негізінде жасалған әліпби қабылданған кезден бастап қолданыста. 1929— 1940 жылдары қала атауы латын әріптеріне негізделген қазақ әліпбиімен «Aqtɵbe» деп, одан бұрын араб-парсы әріптерін қолданған әліпбимен «» деп жазылған. Қытай және Таяу Шығыстағы қазақтарға арнап шығарылатын басылымдарда қала атауының араб әріптерімен жазылатын нұсқасы әлі күнге шейін қолданылады.
1891 жылы Ақтөбе бекінісі (Акъ-Тюбе) Ресей империясының уездік қалаларының біріне айналғаннан бастап 1999 жылға дейін қаланың орыс тіліндегі атауы «Актю́бинск» (Актюбинскъ) түрінде жазылып келді. 1999 жылдың 11 наурызында жарияланған Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің қаулысына сәйкес, қала атауының орысша транскрипциясы «Актобе́» болып өзгертілді. Бұл қаулы «Тiл туралы» заңның «елді мекендердің… дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлуге тиiс» деген тұсына сәйкес келеді. Орыс тіліндегі жаңа атау Ресейдің мемлекеттік тіркеу, кадастр және картография Федаралдық қызметімен ресми түрде мойындалдыРосреестр о наименовании некоторых административных единиц в Казахстане, Эстонии, Франции и Абхазии.
Қала атауы көне түркі тіліндегі aq («ақ») және töpü («төбе») сөздерінен құралған. Бұл атау орыс тілінде «белый холм» мағынасын білдіргендіктен, кейде Ақтөбені орысша «Город на белом холме» немесе «Беловершинск» деп те атайды.
«Ақтөбе» және осыған ұқсас елді мекен атаулары Қазақстаннан басқа елдерде де кең таралған (Ахтуба, Актюба, Ақтепа, Ақ Таппе, Ақдепе) .
Таңбасы Ақтөбенің ең алғаш таңбасы (авторы: С. Т. Симонов) 1968 жылдың 18 қараша күні бекітілді. 20 жыл өткен соң, 1988 жылдың 24 желтоқсанында халық депутаттарының қалалық Кеңесі суретші М. Ф. Луцинның жобасы бойынша жаңа таңбаны қабылдады.
1998 жылы алда келе жатқан Ақтөбе қаласының 130 жылдық мерейтойының қарсаңында қала әкімшілігі жаңа елтаңбаға сайыс жариялады. Құрамына ғалымдар, архитекторлар және бұқаралық ақпараттық құралдар өкілдері кірген жюри 50 жұмыстың арасынан үздік деп ақтөбелік суретші, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Сағынтай Әлімбетовтың эскизін таңдады. Таңба ресми түрде 1998 жылдың 24 шілде күні қалалық Мәслихаттың 23-сессиясында қабылданды.
Ақтөбе елтаңбасы «мәңгіліктің нышаны» болып саналатын дөңгелек пішінінде жасалған. Қала атауы «тазалық» пен «қасиеттілікті» білдіретін ақ түспен жазылған, көк түсті ою-өрнек «табиғаттағы судың мәңгілік қозғалысын», қызыл түсті ою-өрнектер қызғалдақтарды білдіреді (қызғалдақ — Ақтөбенің бейресми символы). Елтаңбаның нақ ортасында бүркіт басты, арыстан денелі, арқасында қанаты бар мақұлық (грифон) бейнеленген.
Физикалық және географиялық сипаттама
Географиялық орналасуы Қаланың географиялық координаттары — . Уақыт белдеуі — UTC+05:00.
Қала Ақтөбе облысының солтүстік бөлігінде, Жайық сағасы Елек өзенінің жағалауында, Қарғалы өзені келіп құятын тұсында, теңіз деңгейінен биіктігі 250—400 м жазықтық болып келетін Орал асты платосының орталық бөлігінде орналасқан.
Азия мен Еуропа шекарасы Қазіргі таңда Еуропа мен Азия арасындағы шекараны нақты белгілеу даулы мәселелердің бірі болып табылады. Бұл құрлықтардың шекарасын Жайық өзені арқылы жүргізетін болсақ, Ақтөбе Азияда орналасқан қала болып шығады. Бірақ географтардың арасында ең кең таралған пікір бойынша, Еуропа мен Азияның шекарасы Каспий теңізінің солтүстік жағалауымен, Жем өзенін бойлай және әрі қарай Мұғалжар таулары арқылы өтеді екен. Бұған пікірге сәйкес, Ақтөбе Еуропада орналасқан қалалардың қатарына жатады. Бірақ географиялық орналасуына қарамастан, бұрынғы Кеңестік Одақтың елдерін батыс географтары Еуропа мен Азиядан бөлек ерекше аймақ ретінде қарастырады.
Өзен-сулары Қала Елек өзеніне Қарғалы өзені құйып, оның аңғары 15 км дейін ұлғаятын жерінде орналасқан. Қаланың орталығымен Електің сол жақ тармағы Сазды өзені, солтүстік-батысымен Електің тағы бір тармағы — Жіңішке өзені ағып өтеді. Сазды өзені ірі сауда-саттық орындары орналасқан қала орталығынан ағып өтетіндіктен 2010 жылдан бастап өзен жағасын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Қаланың оңтүстік бөлігінде Тамды өзенінің төменгі тұсы орналасқан. Солтүстіктегі Заречный ауданының шетімен Қарғалының сол жақ тармағы Песчанка өзені ағып өтеді. Кірпішті ауданының батысымен Қарғалының оң жақ сағасы Бұтақ өзені ағып өтеді.
Қаладан оңтүстік-шығысқа қарай 10 км қашықтықта ақтөбеліктер «Ақтөбе теңізі» деп атап кеткен, 1988 жылы іске қосылған, сыйымдылығы 245 млн м³ болатын Ақтөбе су қоймасы орналасқан. Оңтүстік-батысқа қарай 8 км қашықтықта қала тұрғындарының дәстүрлі демалыс орнына айналған Сазды су қоймасы орналасқан (1967 жылы салынған). Солтүстік-шығысқа қарай 60 км қашықтықта қала маңындағы ең үлкен қолдан жасалған су айдыны — сыйымдылығы 280 млн м³ тең Қарғалы су қоймасы орналасқан (1975 жылы салынған).
Климаты Қала Еуразия құрлығының ішкі бөлігінде, мұхиттардан едәуір алшақтықта орналасқан, осының кесірінен қала климаты шұғыл континенталды болып келеді. Ауа райының шұғыл континенталдығы күн мен түн, қыс пен жаз арасындағы температураның айырмашылығында, Күн радиациясы мен құрғақшылықта көрініс табады.
Қыс мезгілінде қаланың ауа райы Исландия үстіндегі терең циклон (испандық минимум) мен Моңғолия үстіндегі қуатты азиялық антициклонның әсерінде болады. Бұның кесірінен солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған үлкен бар градиенттері пайда болады.
Ақтөбедегі орташа жиынтық Күн радиациясы тәулігіне 108 ккал-ға тең, Күн сәулесі көлемінің орташа жылдық көрсеткіші — 2316 сағат.
Жазы ұзақ әрі ыстық. Жылына бес ай бойы күндізгі орташа температура 20 °С асып түседі. Қысы қоңыр салқын, жылымықтар болуы мүмкін. Ең қалың қар жамылғысы қараша айында байқалады (31 см). Ашық, бұлтты және жауын-шашынды күндердің жылдық саны — сәйкесінше 174, 148 және 43 күн. Орташа жылдық бұлттылық коэффициенті — 5,7 балл. Атмосфералық жауын-шашын ең көп түсетін ай — маусым (35 мм), ең аз түсетін ай — қыркүйек (19 мм). Орташа жылдық температура — +5,3 C° Орташа жылдық жел жылдамдығы — 2,4 м/с Орташа жылдық ауа ылғалдылығы — 68 %
Экологиясы Ақтөбе қаласы экологиялық жағдайы нашар қалалардың бірі. Қала аумағындағы ауа құрамында азот диоксиді мен формальдегидтің шамадан тыс мөлшері байқалған, ал хром қоспалары, ферроқорытпа зауыттары, Ақтөбе ТЭЦ секілді ірі өнеркәсіп мекемелері мен Кірпішті ауылының аймағында көрсеткіштер нормадан үш есе асып түскен екен.
2013 жылы сантарлық-эпидемиологиялық бақылау қала ауасын азот диоксиді, күкірт диоксиді, күкіртсутек және тағы да басқа заттарға тексергеннен кейін ауаны басты ластайтын себеп қаланың кәріз жүйесі екені анықталды. Кәріз жүйесіндегі күкіртсутектің үлесі 2—16 % жетуі мүмкін, оған қоса ағын судың құрамында сульфидтер көп. Осының кесірінен түнде және таңғы мезгілде қаланың бірнеше ауданының тұрғындары жағымсыз иістен қорлық көріп жүр. 2013 жылы қаладағы автокөлітер саны 178 мыңға жетті. Бұл да қала ауасының ластануына өз үлесін қосады.
Көп уақыт бойы қала маңымен ағып өтетін Елек өзені Алға химиялық зауытының бор қалдықтарымен және Ақтөбе хром қосындылары зауытының алты валентті хром қалдықтарымен ластанды, бұл өз кезегінде Жайық өзені мен Каспий теңізінің ластануына әкеліп соқтырды. Сонымен қатар «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы ескірген тазарту құрылғыларының кесірінен Елек өзеніне жылына 10 млн м³ дұрыс тазартылмаған ағын су төгеді. Ағын судың белгіленген мөлшерден асқаны үшін «Ақбұлаққа» әкімшілік шаралар қолданылғанымен, жағдай оңалар емес.
Тарихы Ежелгі замандарда Бұл аймақта өмір сүрген ежелгі тайпалар мал шаруашылығымен айналысып, Солтүстік Қазақстанның тайпаларына жақын болған. Тікбұрышты және доғал қорымдардың ендік бағытталуының мысалы ретінде Ақтөбе маңындағы Сынтас және Бесоба қорымдарын келтіруге болады. Қала маңындағы далада қола дәуіріне жататын сақина тәріздес тас дуалдар мен қорғандар табылған. Ақтөбеге жанындағы Қарғалы өзенінің жағасында орта қола дәуіріне жататын бұйымдар табылған.
Ақтөбе қаласының іргетасының қалануы Тарихи деректерге көз салсақ, Ақтөбе төбесі мен Құрмыш төбесінің ортасында қала салу туралы мәселе 1867 жылы Орынбор губернаторының кеңсесінде көтерілгенге ұқсайды. Бұл жерде қала салуға осы өңірдегі барлық ру басылары қарсы шығады. Оның басты себебі — қала салғасын жерімізді тартып алады деген орыс патшалығына сенімсіздіктен туады.
Елек бойында салынатын шаһардың қазақ өміріне, оның күнделікті тыныс-тіршілігіне өте пайдалы екендігін болжай білген Дербісәлі Беркімбаев осы жаңа істі қолдауға қадам жасайды. Сол мақсатта 1867 жылы сол өңірдегі ру басыларын Ойсылқара әулие басында үлкен асқа жинайды. Астан соң қала салу мәселесін талқыға ұсынып, барлығын тегіс тыңдап, соңында сөз алған ол «қала салып, қазақтарды шоғырландырмаса, болашағымыз болмай қалады» деп жиналғандарды сендіруге тырысады.
Жер мәселесі қай кезде де қазақ үшін елдіктің тұғыры саналғандықтан бір жиналғанда жұртшылықты иландыру, бұрын болмаған жайға көндіру бір жағынан алғанда мүмкін де емес еді. Сондықтан алғашқы бас қосу оншалықты нәтиже берді деп айтуға болмайды.