thumb|right|200px|Орама кимешек. Н. Г. Хлудов ҚР ҰМ қорынан. Кимешек — көшпелі ортада қалыптасқан, экологиялық талаптарға толықтай жауап беретін қазақ әйелдерінің бас киімі.
Кимешектің қалыптасуы Кимешектің қалыптасуына, біріншіден, экологиялық жағдай әсер етсе, екіншіден көшпелі қоғамның салт-дәстүрі, әйел адамға деген моральдық-этикалық нормалардың талаптарының әсері болған. Экологиялық жағдай дегеніміз – Қазақстан жері күрт континенталдық климаттық белдеуге жатады. Сонымен қатар, Еуропамен салыстырғанда атмосфералық шаңының көптігімен ерекшеленетіні белгілі, оның себебі, топырақтың негізгі құрамы лесстардан тұратындығында және аңзақ қатты соғатын желдермен байланысты. Осы жағдайда кимешек – жаздың аптап ыстығы мен қыстың қатты суығынан, қатты жел мен шаң-тозаңның әсерлерінен қорғануда пайда болған киімнің бірегей пошымы болған. Кимешектің негізгі бірегейлік ерекшелігі, адамның бетінің формасы ойылып қалдырылып, қалғаны түгелдей тігіліп, басты ғана емес, адамның денесін белуарына дейін түгелдей жауып тұратындығында. Салт-дәстүр факторы. Кимешек – күйеуге шыққаннан соң киілетін бас киім екенін ескерсек оның өте көнеден қалыптасқан сакралдық мағынаға толы, тіл-көзден сақтайтын, қорғаныс киімі екенін ескерген жөн. Еуразия кеңістігінде көптеген елдерде, оның ішінде қазақ халқында, өте көнеден қалыптасқан дәстүр бойынша әйел адам шашын жауып жүретін болған. Бұл өте ертеден қалыптасқан, адамды тіл – көзден сақтаудың іс шараларының ішіндегі ең негізгісінің бірі болғаны белгілі. Қыз бала тақия телпек киіп шашы жартылай ашылып, тіпті бұрымы сұлулықтың құрамдас бөлігі қаралатын болса, күйеуге шыққанда оның бәріне тыйым салынып, босанғаннан соң тыйымдардың саны да, түрі де көбейіп, шаш толықтай тұмшаланатын. Бұл евразия халықтарының барлығына дерлік тән үрдіс болғаны белгілі. Бұл жерде айта кететін жайт – кимешектің пошымының қалыптасуына экологиялық фактор ма, әлде шашты жауып жүру дәстүрінің әсері күштірек болды ма? Бұл жерде осы екі фактордың да әсері кимешектің формасының қалыптасуына себеп болды десек те, көшпелі өмір салты, әсіресе көп уақыт салт атты жүрудің әсері айқындаушы фактор болған сияқты. Көші қонмен жүрген қазақ әйелдеріне, жел өтінде, қобырап кетпейтін, әр уақыт қайтадан байлап-оралмайтын (басқа киіле салатын) жинақы да шымыр бас киім түрінің қажеттілігі кимешек пошымының қалыптасуына себеп болуы керек. Мұндай киімді бас киім басқа халықтарда кездесе бермейді. Кимешектің қырғыздарда, қарақалпақтарда және Қытай халық республикасының батысында мекен ететін салорларда кездесетіні климаттық, дәстүрлік ұқсастықпен және халықтардың этномәдени байланыстылығымен түсіндіріледі.
Кимешектің басқа бас киімдерден ерекшелігі Кимешек басқа көптеген бас киімнің түрлерінен ерекшеленеді. Мысалы, пішілмеген, тігілмеген басқа орай киілетін бас киімдер – орамал, шылауыш т.б. сияқты атауларымен белгілі. Ал тігіліп киілетін бас киімдер тобына – тақия, малақай, бөріктің көптеген түрлері жатады. Кимешек болса төбеден иықты қоса белге дейін түгел жауып тұратын, тұтастығымен ерекшеленетін бас киім түрі. Кимешектің басқа оралатын жаулық шылаушытардан негізгі айырмашылығы – тігіліп істелетіндігінде. Архетипі, шаршы матаны диагоналы бойымен екі бүктеп тігіп, беттің орнын ойып шығарылған «капюшон» тәрізді жасалған болуы керек. Кимешектің пошымы уақыт өте келе күрделеніп, пішімімен, әшекейленуімен айқындалатын түрлі аймаққа, руларға тән өзгешіліктері қалыптасты. Кимешектің бетке келетін тұсы ойып алынады да, төбесі тұйық болады. Кеудесін, жағын, бет жақтауларын көмкеріп кестелейді. Күміспен, тана моншақтармен шеттіктеледі. Қазақ әйелдерінің кимешек киюі және оның сыртынан шылауыш тартуы әр өңірде әртүрлі.
Кимешек әшекейлеудің және киюдің әлеуметтік орны Кимешектердің әшекейленуі әйелдердің жас ерекшеліктері мен олардың әлеуметтік орнын аңғартады. Айталық, жас келіншектерге арналған кимешектің бет жақтауы кеңдеу болады. Қызыл, күлгін түсті жіптермен кестеленген жас келіншектердің кимешектері көздің жауын алады. Оның сыртынан шылауыш тартады. Ал мосқал тартқан әйелдердің кимешегінің бет жақтауы тарлау келеді де, әдемі кестеленеді, бірақ әшекейленбейді. Кейде егде тартқан әйелдер кимешектерін ақшыл, сары түсті жіптермен кестелейді. Қарттар мен күйеуі қайтыс болған әйелдер кимешегін кестелемейді. Күйеуі өлген әйелдің кимешегін теріс кигізіп, асын бергеннен кейін ғана оң кигізетін салт бар. Мұндай әйелдер күйеуге тиетін болса, онда кимешегі кестеленеді. Кимешектің қазақ рулары мен тайпаларының өзгеше болуына байланысты әртүрлі үлгіде болады. Әсіресе, маржан тастармен әшекейленген Жетісу өңірінің кимешектері таң қалдырады. Дәстүрлі ортада жаңа үйленген отау иесіне «құсың құтты болсын» деп тілек айтылады. Кимешек киген әйелді жанынан қарасаңыз әсте құсқа ұқсайды. Әсемделіп тігілген төбелдірігі құстың басын, ал әйелдің иығымен қоса, шашын жауып тұратын кимешектің алдыңғы, артқы жағы құстың қанатын, құйрығын бейнелейді. Күйеуге шыққан әйелдердің балалы болған соң киетін баскиімі екі бөліктен тұратын кимешек пен шылауыш ХІХ ғасырдың басынан бері оларды тек ақ матадан жасаған, бірақ, XVIII ғасырдағы мәліметтер бойынша оған түсі басқа да маталар да пайдаланылған көрінеді. Солтүстік Батыс Қазақстанда (Орал және Торғай облыстары) төменгі жаулық үшбұрыштан бүктетіліп, шаршы матадан ғана тұрған. Оны басына тартып, шеттерін кеуде тұстан айқастырған, не желке жағына жіберген. Қазақстанның басқа аймақтарында төменгі баскиім ретінде бет шығатындай алды ашық, иық, кеудені бірдей жауып, арт жағы үшбұрыштанып арқаны жауып, төмен қарай құйрығы жіңішкеленіп кететін кимешек киген. Матаны үнемдеу үшін, әдетте, кимешектің негізгі бөлігін пішуден қалған екі үшбұрышты кесекті төменгі, үшкірбұрышты «құйрықты» пішуге пайдаланған. Бұл пошымға сол жақта тараған кеуде мен арқаның екі бірдей ұзынша бөліктерін біріктіріп тігетін вариант жақын. Кимешектi жас ерекшелiгiне сәйкес әшекейлейдi. Ең сәнділері жас келіншектерде болған. 30 жастан асқан соң күміспен, моншақпен әшекейленген кимешек кию әдепсіздік деп есептелген, ал балалары ержеткен, орта жастағы әйелдер түрлі-түсті жіптерден жұқалап жүргізілген тігіс пен кестені қанағат тұтқан. Жасы егделенген әйелдердiң кимешегiнiң әшекейi аздау, ою-кестесi жеңiл болады, сары, ақ жiппен сырылады. Жас әйелдердiкi қызыл, жасылмен әшекейленедi. Екі жақтаудың сәніне көп көңіл бөлінсе, «құйрық» шеттеріне шашақ бекітіп тіккен, төбесіне «төбелдірік» деп аталатын арнайы дайындалған жеке әшекей таққан. Кең тараған әшекей түрі кестелеп тігу, оған қосымша моншақ, маржан, күміс әшекей тағылған. Бұларды ХХ ғасырдан бастап күміс теңгелер мен «сөлкебайлар» толықтырған.
Кимешек пошымы және кестеленуі Кимешектің кеуде, иық, жонды жауып тұратын тұйық, ал адамның бет-әлпетi шығып тұратын жерi «ойық» болады. Кимешектi басқа сәйкестендiре пiшiп, тiгедi. Ол шықшыт, жақ, құйрықша аталатын негізгі бөліктен тұрады: оның иектi айнала маңдайды жауып тұратын екi жағын «шықшыт», алдыңғы, яғни, өңірге түсіп тұрған бөлігін «жақ», ал адамның белiнен төмен, шашты жауып тұратын ұзын ұшы бар бөлігін «құйрықша» деп атайды. Кимешектің адамның басы шығып тұрған ойық тұсының екi жағы, кеудеге келер тұсы «қол кестемен» кестеленiп әшекейленедi немесе зер жiптермен бастырылып, сырыла тiгiледi. Ойықтың жиегiн өңдi жiппен «шалып» тiгедi. Мұны «алқым шалу» деп атайды. Алқым шалудан кейiнгi жадағай тiгiстi «су» деп атайды. Судан кейiн «қиықшалап» тiгедi. Қиықшадан кейiн су «жүргiзiп», «құман бау» деп аталатын әшекей тiгiспен тiгедi. Құман баудан соң «күрең кесте» деп аталатын ою-өрнек салынып тiгiледi. Күрең кестеден кейiн «сағат бау» тiгiсi жүрiледi.
Кимешектің өңірлер бойынша үлгілері thumb|right|200px|Кимешек. (Орталық Қазақстан). thumb|right|200px|Кимешек. (Шығыс Қазақстан). thumb|right|200px|Кимешек. (Оңтүстік Қазақстан). Кимешектің қазақ рулары мен тайпаларының өзгеше болуына байланысты, әртүрлі үлгілері болады. Кимешектiң Қазақстанда бұрама жаулық, иекше атаулары кездеседi. Кимешектің көне түрі – орама кимешекті Солтүстік Қазақстан қазақтары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін киген. Тігілмей пішілген мата кесегі басқа тартылған. Киген кезде ол кәдімгі кимешектерден айырмашылығы болмаған. Кимешектің екінші бір түрі матаның тұтас кесегінен пішіліп, бір жақ қырынан келетін жағынан бас сұғатын орын қалдырылып, бір-ақ тігіспен тігілетін болған. Бұл Омбы, Атбасарда, Әулиеата өңірінің теріскейінде және оңтүстіктегі қоңыраттарда сақталған. Сондай-ақ қоңырат кимешектерінің төбесі толық тігілмей, алдынан тік бұрышты мата тіккен, ол бас киімді үстінен жауып тұратын бір ерекше деталі болған. Осы варианттың тағы бір түрі Қызылорда қазақтарында да кездеседі; ұзындығы енінен екі есе ұзын матаның ұзын жағына екі шетінен бүктеп, екі жағынан тігетін болған. Екі қабат матадан тұратын шаршының бір жағы кимешектің алдыңғы бөлігі, екінші ұшы артқы жағына түскен. Оның тігілмеген төменгі бөлігін кесіп, жарты шеңберлік түрге келтірген, ал жоғарғы бөлігінен бетке орын ашқан. Төбеге келетін бұрышты аздап кесіп, соған қайтадан тігіп бекіткен, кішкентай жамау – төбені құраған. Солтүстік және Орталық Қазақстанда кимешектердің алдыңғы жағы трапеция немесе үшкірленіп пішіліп, жоғарғы бөлігінде бетке орын қалдырылған; арқа жағы дұрыс ромба түрінде келеді де, құйрығы тізеге тіпті өкшеге дейін түсетін болған. Шығыс Қазақстандағы кимешектердің құйрық бөлігі қысқалау, алдыңғы жағы жоғарғы бұрыштары қиғаш келген төртбұрыш секілді болған, оның екі жағына квадратқа жақын түрдегі жақтаулар бекітіліп тігілген. Сырдария бойында Кіші жүз руының бірінде пішіні өз бетінше бөлек, бүрмелі кимешек түрі болған. Оның алдыңғы жағы тура бұрышталып пішілген, төменгі ұзын жағы кеудеге түсіп, ал жоғары жағы бүктеліп, бетті екі жағынан қоршап тұру үшін басқа байлап, бекітіліп қоятын болған. Кейде арқа бөлігінің жоғарғы бұрышына төбешік баскиім бекітіп тігілген. Оңтүстік қазақ әйелдерінде кеңінен тараған кимешек түрі ұзынынан екіге бүктеліп пішілген мата кесегінен жасалатын болған. Пайда болған тура бұрыштың жартысынан бастап қиғаштай кесіп алып, кесілген жерді тігіп алады. Тігіс арқаның ортасына түседі. Пішін бұрыштары жоқ үшбұрыш түрінде болған. Беттің орнын ашып, дөңгелек немесе сопақ төбешік және маңдайша жапсырып тіккен.
Кимешектің рулар мен тайпаларға тән ерекшеліктері thumb|right|200px|Бүрмелі кимешек. ҚР ҰМ қорынан. Әр тайпа мен рудың кимешектерiнiң пiшiмiнде, түрiнде және сырт көрiнiсiнде өзiне тән ерекшелiктерi болған. Жетiсу өңiрiнде жақтағы жалпақ кестелерге қосымша моншақтар, күмiстен жасалған әшекейлер, түйреуіш қоса тiгiлген. Бұл кимешекке сән бередi, әрi төмен қарай басып, жазылып тұруға әсер етедi. Кимешектiң кеудесiне төрт бұрышталып жоғарыда аталған тiгiстер қайталанады. Кимешектiң кеудедегi бөлiгiнiң ұшына күмiс теңгелер тағылады. Бұл К.-ке сән бередi, әрi төмен қарай басып, жазып тұрғанға әсерi болады. Найман руының қызай елiнiң кимешектерi жағына және кеудесiне жарқыраған күрделі кесте тігетіндіктерімен даңқы шыққан, оларға түрлi тағымдар қадалмаған, тек реті келсе күміс құймалар таққан. Солтүстiк және Орталық Қазақстан өңiрлерiнде кестеге онша көп мән берiлмеген, бiрақ моншақ, маржан, күмiстен, түрлi тастардан жасалған тағымдар қадаған. Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстауда кестелеумен қатар, түстерi ашық маталармен, тоқыма ызбалармен шеттiктеген. Жиын-тойларға киiп баратын кимешектердiң тiгiсiн бойлай күмiс тағымдар қадап, кеудесi мен жауырын бөлiктерiнiң төменгi жақтарына шашақтар тiккен. Жас әйелдер жаулығына қатты каркасты қолданудың іздері бұрынғы Ақмола облысындағы арғындарда да байқалады, бірақ олардың пошымы басқаша, қарапайымдау болған: бастарына матаны жиырып бүктеп, алдына қағаз салатын болған «тік тұру үшін» Жетісудің кішігірім цилиндрге ұқсас негіз жасаған, оған матаны ораған кезде алды жағы тік бүктеліп, күрделі түйінді жақтаудың шеттері салбырап тұратын болған. Жаулықты түйрегіш көмегімен мықтылап бекітіп, киген, шешкен кезде бөрік сияқты алған, бүктеп сақтаған. ХІХ ғасырдың аяғында ешқандай каркассыз жаулықтар кию басым түсіп жатады, оларды киген сайын көлденең қатармен орап отырған.