Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы – Ақмола облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген сәулет ескерткіші.
Орналасқан жері Көкшетау қаласы, Калинин көшесі, 35.
Кезеңі 1920 жыл.
Тарихи деректер Мұражай 1920 жылы құрылған, Республиканың ең көне мекемелерінің бірі. Ол 1904 жылы тұрғызылған XX ғасырдың классикалық сәулет өнерінің үлгісі болып табылатын бірегей ғимаратта орналасқан. Алғашында ол уездік халыққа білім беру бөліміне қарасты көрнекі оқу құралдарының мұражайы ретінде ашылған. Экспонаттар саны 130 шамасында болған.
Мұражайдың алғашқы экспозициясы түрлі мекемелер сыйға тартқан жан-жануарлардың қаңқалары, қару-жарақ, сауыт-сайман т.б. бұйымдардан құралды. 1927 жылы мұражай өзінің алғашқы экспедициясын ұйымдастырып, өлкенің табиғаты, тарихы жөнінде құнды мәліметтер жинады. 1928-29 жылдары мұражай қорында өлкенің өнеркәсібі, ауыл шаруашылық, Успен кен орны туралы материалдар мен этнографиялық бұйымдардан тұратын 1000-нан астам экспонат болды. 1970-95 жылдары мұражай қоры палеолит, неолит, қола дәуіріндегі Вишневка, Жанбөбек-4, Ақ Қошқар, Батпақ, Мизар, Ангерсор т.б. жерлерден табылған археологиялық ескерткіштер, 20 ғасыр басындағы қала тұрғындарының киім үлгілері мен Кеңес дәуірін қамтитын құнды материалдармен толықтырылды. 1998 жылы ҚР-ның орталығының Астана қаласына көшірілуіне байланысты мұражайында тарихи-этнографиялық жаңа экспозиция ашылды. Экспозицияда қазақтың дәстүрлі қолөнері, соның ішінде зергерлік бұйымдар, күмістен әшекейленген ер-тұрмандар, әйелдер мен ерлер киімінің көне үлгілері, республикадағы басқа да ұлттардың этнографиялық бұйымдары көрсетілген. Мұражайда барлығы 142406 материалдық және рухани ескерткіш бар (1998).Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
2000 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейі деген мәртебеге ие. Қазір мұражай қоры 80 000-нан астам экспонаттардан тұрады. Мұражайдың негізгі қоры бірнеше залдарда көрсетілген: «Абылай хан», «Ежелгі және ортағасырлық тарих», «XIX ғасырдағы Ақмола тарихы», «XX ғасырдағы Ақмола тарихы», «Заманауи Қазақстанның тарихы», «Елбасы және Тәуелсіздік» және «Табиғатқа терезе» залдары. Мұражай құрамына одан басқа 7 мұражай кіреді: Атбасар тарихи-өлкетану мұражайы, I. Есенберлиннің әдебиет мұражайы, Маринов тарихи-өлкетану мұражайы, Ерейментау тарихи-өлкетану мұражайы, Степногор тарихи-өлкетану мұражайы, Щучинск тарихи-өлкетану мұражайы және Бурабай кентінің тарихы мұражайы. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі өңірдің маңызды ғылыми және мәдени орталығы болып табылады.Қазақстанның тарихи-мәдени нысандарының және жаппай зиярат ету орындарының альбомы/ ; ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ; [жоба авторы Т. Бекбергенов ; бас ред. А. Р. Хазбулатов]... – Астана : [б. ж.], 2018. - 495 б., суретті; . – Библиогр.: 490 б. . – 100 дана – ISBN 978-9961-23-485-9
Дереккөздер
Сыртқы сілтеме Ақмола Облыстық Тарихи-Өлкетану Мұражайы
Санат:Қазақстан мұражайлары Санат:Ақмола облысы сәулеті Санат:Ақмола облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері