Явантроп, нгандонг, соло адамы Homo (Javanthropus) soloensіs – қазбадан табылған адам қаңқасы. Явантроп 1931 – 33 ж. Ява аралының Нгандонг елді мекенінің жанынан, Соло өзенінің жағалауындағы жоғарғы плейстоцен шөгінділерінен (11 бассүйек және екі жіліншік сүйек) табылған. Оны алғаш ашқан голландық ғалымдар В.Оппенорт пен К.Тер-Хаар. Алғашқы кезде геологиялық жасына және кейбір морфологиялық ерекшелектеріне қарап, явантропты палеоантропқа жатқызды. Кейін зерттей келе, бассүйегінің қарапайым ерекшеліктеріне (ми көлемі орта шамамен 1100 см3 , маңдай сүйегі тайқы, қабақ сүйектері өте көтеріңкі) және осы күнгі адамдардың қазба тектеріне жақын екендігіне сүйене отырып, явантропты архантроптарға (питекантроптаға) жатқызған. Явантроп бұдан 150 мың жыл бұрын өмір сүрген. Қазақ энциклопедиясы, 10 - том Дереккөздер:

Санат:Ява тарихы