Ақайдың Қасені (1859-1931), қоғам қайраткері. 16 жыл қу елінің болысы қызметін атқарып, ел арасына жаңалық енгізуші, білім мен өнерді қолдаушы болған. Ата қонысында орналасқан Қоянды жәрмеңкесінің өркендеуіне, орыс, татар, өзбек көпестерімен сауда-саттықтың дамуына көп күш салған. Дүкен ұстап, қыр қазағының өнеркәсіп өнімдеріне сұранысын өтеуге тырысқан. Егін егіп, мал тұқымын жақсарту мен айналысқан. Еуропалық үлгідегі қазақ-орыс мектебін ашып, оны бітіргендерді өз қаражатымен Қарқаралы, Семей, Омбы оқу орындарында оқытқан. Әнші, күйші, серілерді, фельдшер, ісмер адамдарды жанында ұстаған. Балуандарымен, жүйрік аттары мен даңқы жайылған. 1905 ж. Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болды. 1910 ж. қазақтарды патша үкіметіне бағынбауға, сырттан көшіп келушілерге жер бермеуге, Қазақстанды Ресей империясынан бөліп алуға үгіттеді деген айып тағылып, әкімшілік жағынан жауапқа тартылды. 1917 ж. 16 наурызда Қарқаралы уезі қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1918-1920 ж. Алашорданың елдегі сүйеніштерінің бірі болды. 1921-22 ж. Кеңес орындарына елге сыйлы азаматтардың сайлануына ықпал жасады. Аштыққа ұшыраған Торғай еліне Семей өңірінен жәрдем малын жинастыруға ат салысты. Мал-мүлкі әлденеше рет тәркіленді. 1927 ж. Қызылжарға, одан Башқұртстанға кетуге мәжбүр етілді.Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5

Дереккөздер

Санат:Қарағанды облысы