Болымсыз сөйлем ( ) - объективті болмыстың, ойлаған ойдың, іс-әрекеттің болмайтының, орындалмағаның хабарлайтын сөйлем. Болымсыз сөйлем болымды сөйлем негізінде жасалады, бірақ оған қарама-қарсы мағынаны білдіреді. Сонымен бірге айтылған ойға стильдік реңк, эмоционалды-экпрессивті сипат береді. Жасалу жолдары: 1) Болымсыз сөйлемдер -ма/-ме тұлғалы болымсыз етістіктердің баяндауыш қызметінде не баяндауыш құрамында жұмсалуы арқылы жасалады. Мысалы: Торсанның бейітіне ешкім келіп, құран оқымайды екен (Ғ.Мүсірепов); 2) есім мен есімшелі баяндауыштардың кұрамында емес көмекші етістігінің жұмсалуы арқылы жасалады. Мысалы: Бірақ оның не екенін, қандай адамдар екенін Демеқул түсінген емес (С.Ерубаев); 3) жоқ сөзі баяндауыш кызметінде немесе күрделі баяндауыштың кұрамында айтылу арқылы жасалады. Мысалы: Сол сәттен бастап жас босанған анаға салмақ түсірген жоқ (К. Жұмаділов); 4) -сыз/-сіз формалысын есімдер баяндауыш кызметінде жұмсалуы арқылы жасалады. Мысалы: Бұрын осы балалар тумай тұрған кезде, қалай өмір сүріп келгені белгісіз (К.Жұмаділов); 5) сөйлем кұрамында ешкім, ештеме, ешбір, дәнекте, тук тағы басқа болымсыз есімдіктер жұмсалуы арқылы болымсыздық мән күшейе түседі. Мысалы: Жүрегінде ешкімге алдырмайтын, түкпірге тыққан бір қатты беріш бар (К. Жұмаділов); 6) сөйлем кұрамында болымсыздық мағына беретін сөздердің (безу, қашу, тайсақтау, кері кету, жоғалу, ғайып болу, бой тарту тағы басқа) жұмсалуы арқылы жасалады. Мысалы: Ол заманнан бұл ел бір жола безініп болған (Ғ.Мүсірепов).Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі — Алматы.

«Сөздік-Словарь», 2005 жыл. ISBN 9965-409-88-9

Дереккөздер

Санат:Лингвистика