thumb|Маңғыстау ел таңбасы Маңғыстау түбегінің құрлықаралық көш-керуен қозғалыстарына, әлемдік қан айналым процестеріне ілігу мезгілі ерте замандарға саяды. Өйткені бір жағында – Орта Азия, Шығыс Түркістан, Қытай, Үнді, Иран өркениеттері мен Азиядағы үндіеуропалық мәдениетінің ежелгі орталығы Тарим бассейні, екінші жағынан ежелгі грек мемлекеттері заманынан ірі сауда орталықтары саналатын Қара теңіз, Кавказ және Еділ бойы мемлекеттерінің арасындағы ұрымтал тұста жатқан Маңғыстау мен ежелгі Үстірт дүниенің экономикалық қан айналысынан тысқары қала алмады.

Жалпы тарихы Маңғыстаудың ежелгі тарихы Ежелгі Византия мен Таврия, Кавказ бен Хазария, Еділ Бұлғариясы мен орыс мемлекетінің Хорезммен, Орта Азиямен, Қытаймен, Үндістанмен, Таяу Шығыс елдерімен үзбей сауда жасап тұрғаны тарихтан белгілі. Шығыс тарихшысы әл-Истахридің 930 – 933 жылдары шамасында жазылған «Китап масалик әл-мамалик» атты кітабында мұсылман елдері мен Хазарлар елі арасындағы сауда жолы өтетін Каспий теңізі маңындағы бірден-бір үлкен елді мекен Сиях-Кух (парсы тілінде – Қаратау, парсы географиялық тарихи әдебиеттерінде Маңғыстау түбегі осылай аталады) түбегі екендігі айтылады. Түбекте бұлақтар, ағаш, ну шалғын өскен оазистер бары және сол араға түрік тайпаларының бірінің қоныс тепкені, олардың желге ығып кетіп, апатқа ұшыраған сауда кемелерін тонап кәсіп ететіні де айтылады. Ал одан екі ғасыр кейін өмір сүрген тарихшы Мұхаммед ибн Наджиб Бекран Хорезмшах Текешке арнаған «Джеханнаме» кітабында Маңғыстауды жайлайтын түріктердің өз ханы бар екенін жазады. Текештің әкесі Атсыз Маңғыстауды Хорезмге бағындырды. Тарихшы ибн әл-Асир (1160 – 1234) «Ал камил фи-т-тарих» кітабында Атсыз сол жорығында Маңғышлақ деген қамалды алды деп көрсетеді. 13 ғасырдың басында қайтыс болған парсы тарихшысы Якут: «Маңғышлақ Хорезмнің ең батыс шекарасындағы, орыс мемлекеті Саксин және Хорезммен шектес арадағы мықты бекініс қамал», – деп мәлімдейді. Бұған Атсыздың Маңғыстау жорығы тұсында Мерв билеушісі Санжардың мұсылман дүниесінің ең терістік шебіндегі бекіністерге қол салдың, өз мұсылмандарыңды өзің қырдың дейтін наразылығы мен сол тұста Хорезмде тұрған араб ақынының Атсызды бас имей, тізе бүкпей қойған маңғыстаулықтардың төбесіне жай ойнаттың деп жазған мақтау дастанын қоссақ, аталмыш жорықтың өз тұсындағы саяси өмірде елеулі құбылыс, аты шулы оқиға болғанын аңғарамыз. Акад. В.В. Бартольд кейін осы деректерге сүйене отырып, Маңғыстау маңызды сауда пунктіне 12 ғасырдан бастап айналған деген қорытынды жасайды. Ал шығыс зерттеушісі, археолог П.С. Савельев Маңғыстаудың бір кезде Хорезм мен Итиль арасындағы маңызды қатынас нүктесі болғанын, онда сол дәуірдің ескерткіштері тас қамалдар мен сарайлардың ұзақ уақытқа дейін сақталып келгендігін айғақтайды. Шығыс тарихшысы Масуди «Китаб эт-Тенбиг» атты еңбегінде әр алуан бұйымдар тиелген үлкен Хорезм кемелерінің Еділді бойлап, Итильге дейін жүзіп баратынын мәлімдеді. Олай болса, Маңғыстаудың маңызды сауда жолына айналуы 12 ғасырдан әріректе. Өйткені Хазария астанасы Дағыстаннан Итильге 764 жылы хорезмдік қолбасшы Рас-Тархан (ас-Тархан) бастаған хазар әскері Тбилисиді алғаннан кейін ауысқан-ды. Ал сол тұста қалыптасқан Хазар – Хорезм одағына Маңғыстау өлкесі де кірген болатын.

Ал Хазария – Еуразияның саяси өмірінде зор маңыз атқарған іргелі мемлекеттер. Византиямен, Араб халифатымен, Орта Азия елдерімен сауда жасап тұрды. Хазария ықпалы Еділ бойына, Дон саласына, Терістік Кавказға түгелдей тарады. Алайда 13 ғасырдың аяғынан бастап Хазарияның саяси, экономикалық ықпалы әлсірей бастады. Оған 790 жылы Хазарияның ең соңғы пұтқа табынушы қағаны қайтыс болғаннан кейін таққа отырған ұлы Обадияның иудей дінін қабылдағаны шешуші әсер етті. Шығыс Кавказ, Қырым, Ирандағы еврейлер енді Хазарияға ағыла бастады. Олар үшін Хазар қалаларында синагога ашылып, халық арасында Мишна, Талмуд, еврей дінінің барша 24 киелі кітабы кеңінен насихатталды. Обадия осы арқылы көршілес Византия мен Араб халифатының және өз еліндегі пұтқа табынушылықтың діни ықпалынан құтылып, қол астындағы шашыраңқы мемлекетті жаңа идеол. негізде біріктіруді көздеді. Бірақ жаңа дін елді біріктірмеді, халық арасында алауыздық туғызды. Қаған бастаған Итиль ақсүйектері кірген иудей дінін шет аймақтағы ақсүйектер қабылдамады. Ел ішінде бүлік шықты. Қырым іргесін бөліп, Византияның қол астына қарап кетті. Қанағат жеріне шығыстан көшпелі венгр, печенег ордалары килікті. Арабтар венгрлерді баджгард-башқұрттар деп атады. Олар Күнгей Оралдан шығып, Қара теңіздің теріскей жағалауына мекен тепті. Хазар қағанына риза болмағандар венгрлердің арасына барып сіңісетін болды. Сол кезде Терістік Хазарияға печенег тайпалары баса көктей кірді. Хазарлар оғыздармен одақтасып, печенегтерді атамекенінен қуып шықты. Қоныссыз қалған печенегтер еркектері жорыққа аттанып, елде бала-шағалары ғана қалған венгрлердің ұлан-байтақ қонысын тартып алды. Венгрлер 10 ғасырдың басында қазіргі отырған жеріне барып ірге тепті. Бірақ Хазарияның жағдайы жақсара қоймады. Оларға бір жағынан Хорезмге, Каспий мен Қара теңізге шығуды көздеген орыстар, екінші жағынан, жаңа өріске ұмтылған оғыздар қысым көрсете бастады. Святослав оғыздармен одақ жасасты. Мұндай қиын-қыстау жағдайда Хазария қағаны Хорезмнен көмек сұрауға мәжбүр болды. Көне Шығыс тарихшысы ибн Мискавейх пен ибн әл-Әсір көшпелі түрік тайпаларының шапқыншылығына ұшыраған Хазария Хорезмге елші жібергенін жазса, ибн Хаукал ол елшілік Маңғыстау түбегінен келіп шықты деп көрсетеді.

Сол кездегі орыс шежірешісі; «6473 (965) жылы Святослав хазарларға жорыққа аттанды. Хазарлар оны естіп, Қаған бастаған әскер шығарып, шайқасқа түсті. Шайқаста Святослав хазарларды жеңіп, Белая Вежа деген қалаларын алды, ястар мен касогтарды да жеңіліске ұшыратты», – деп жазды (Толстов С.П. По следам древнехорезмской цивилизации, 1978). Ол жорық туралы ибн Хаукал: «Орыстар бәрін қиратып бақты, Итиль өзені бойындағы хазарларға, болгарларға, бұртастарға жататын елдердің иелігіндегі нәрселерді талан-таражға салып, тартып алды. Орыстар елді жайлап алған соң, Итиль жұрты баспана іздеп, Баб-ал-Абваб аралына барып бекінді, кейбіреулері қорыққандықтан Сиях-Кух (Маңғыстау түбегі) аралына барып мекендеді», – дейді. Демек, 10 ғасырда Орыс-оғыз одағы Хазарияға қарсы соғыс ашқан тұста да Маңғыстау Хазар – Хорезм одағындағы өлке.

10 ғасырдың 70-жылдарында хазарлар Итильге қайтып оралды. Мұқаддасидің айтуынша, «Хазар (Итиль) қаласының тұрғындары бұл кезде иудейлер емес, мұсылман болып алған еді». Көмек сұрай келген хазарлардан Хорезм мұсылман дініне өтуді талап етті; қара халықты былай қойғанда, Қағанның өзі мұсылман дінін қабылдауға мәжбүр болды. Бұл жылдары Хазар – Хорезм арақатынасында Маңғыстау маңызды қызмет атқарды.

Археолог Толстовтың аталған кітабында «8 ғасырдың орта шеніндегі Хазар – Хорезм метрополиясының орталықтары» деген картада Итиль – Үргеніш керуен жолы Маңғыстаудағы Қарағантүп түбегінің үстімен өтетіндігі көрсетілген. Мұның бәрі Маңғыстаудың В.В. Бартольд айтқандай, 10 ғасырға дейін сауда жолынан тысқары жатпағанын, қайта сонау 8 ғасырдың өзінде маңызды сауда пункті болғандығын айғақтайды. Толстовтың Хорезм өлкесіндегі археологиялық зерттеулерінің нәтижесінде, ежелгі Қаңға (Хорезм ерте кезде Каспийден Тянь-Шаньға дейін созылып жатқан Кангой (Қаңға) мемлекетінің қол астына қараған) мәдениеті сонау б.з.б. 4 – б.з. 1 ғасырларға дейінгі Қара теңізі жағалауындағы елдерге де елеулі ықпал еткені айқындалып отыр. Маңғыстау ол тұстағы мәдени, сауда байланыстарынан да шеткері қалмапты.

Бұл пікірді кейінгі жылдардағы зерттеулер де құптайды. Тарихшы А.Н. Зелинскийдің жасаған сұлбасы бойынша Ұлы Жібек жолының далалық тармағы б.з. 1 ғасырнда Маңғыстау арқылы өткен. Ал тарихшы Л.Н. Гумилев Каспий теңізі деңгейінің ауытқуларын зерттей отырып, 1 – 3 ғасырлардан 10 ғасырға дейінгі аралықта Жайық өзенінің суы мен Еділ өзенінің суынан құралатын көлшіктер бір-бірімен қосылмай екі бөлек жатқан; аралары кішкене ғана бүғаз арқылы байланысып тұрған; ол тұста Шығыс керуендері Хорезм, Маңғыстау арқылы қазіргі Бозащы түбегінің тұсындағы әлгі кішкене бұғаздан өтіп, Еділ бойына көтерілетін болған; ол жол кейін Каспий теңізінің деңгейі көтеріліп, бұрынғы екі көлшік бірігіп кеткен тұста су астында қалған деген болжам айтылады. Мұның бәрі Маңғыстау арқылы өтетін сауда жолының ежелден белгілі жол екендігін байқатады. Бірақ оның аталмыш аймақтағы елдердің экономикалық қарым-қатынасына жасаған ықпалы әрдайым бір қалыпта болмаған; белгілі бір тұстарда ол ең басты магистральға айналса, екінші бір тұстарда ондай шешуші ықпалынан айрылып отырған. Оның себептері Орта Азия, Кавказ, Еділ бойы мемлекеттерінің саяси ауа райындағы өзгерістермен тығыз байланысты еді. В.В. Бартольд айтқан 12 ғасыр Маңғыстаудың Азия мен Еуропа арасындағы сауда сахнасында көрінуінің басы емес, ол арқылы өтетін жолдардың маңызы айрықша көтерілген тұс еді. Хазар – Хорезм, кейін Бұлғар – Хорезм саудасы тұсында ерекше маңызға ие болған Маңғыстаудың 12 ғасырда қадірі тіптен артты. Ол тұста Еділ бойына орыс мемлекетінің ықпалы арта бастады. Хорезм бұл жаңа жағдайда аталмыш аймақтағы шешуші ықпалынан айрылып қалғысы келмеді. Хорезмшах Атсыз 1152 жылы Шығыс Еуропа мен Азия сауда қатынасында маңызды қызмет атқаратын Маңғыстау мен Үстіртте әлсіреп бара жатқан өз ықпалын қайтадан қалпына келтіру үшін жорыққа аттанды. Хорезм өз ықпалын тек Маңғыстау, Үстіртпен ғана шектемей, Еділ бойына да жүргізбекші еді. Олардың бұл ниетін жүзеге асыруға Азияның саяси өміріндегі соны өзгерістер мүмкіндік бермеді. Шартарапқа түгел кезенген Хорезм көп ұзамай өзі шапқыншылыққа ұшырады. Тарим бассейнінде жаңа бой көтерген моңғолдардың басшысы Шыңғыс хан Мұхаммедшахқа дос болайық, дүниені екі бөліп алып, екеуміз билейік деп елші жіберді. Жазған хатында шахқа «балам» депті. Онысы менің вассалымсың дегені еді.

Мұндайға күллі мұсылман жұртының халифі болудан дәмелі Мұхаммедшах келіспеді. Елшілерді ордасынан қуып шықты. Көп ұзамай Шыңғыс ханнан келе жатқан керуенді Хорезмшахтың қол астындағы Отырар қаласында тонауға ұшыратты. Моңғолдар Хорезмге қарсы жорыққа аттанды. Шахтың түрікмен әйелінен туған үлкен ұлы Жалел әд-Дин әкесіне әскер жинап, жауға Әмудария жағасында тойтарыс беруді ұсынды. «Тексіз» әйелден туған сүйкімсіз ұлдың ұсынысы қабыл алынбады. Мұхаммедшах 1220 жылы моңғолдардан қашып, Каспийдің шығыс бетіндегі Әбескүн портына жақын жердегі бір аралда қайтыс болды. Кеше ғана дүрілдеп тұрған билеушінің сүйегін арулайтын кебін табылмай, қасындағы нөкерлерінің бірінің көйлегіне оралып жерленді. Өлер алдында кіші ұлы Озлоқшахты мұрагер қоймақ ойын өзгертіп, тақты үлкен ұлы Жалел әд-Динге қалдырды. Ағайынды үшеу жетпіс атты нөкермен Маңғыстауға келеді. Сол арадан қол жинап алып, моңғолдарға қарсы күресу үшін Көне Үргенішке аттанады. Көне Үргеніште сарай төңірегі Жалел әд-Динді шах қойғылары келмеді. Жалел әд-Дин үш жүз қолмен Иран асады. 1221 жылы көктемінен басталған Жалел әд-Дин көтерілісі 1231 жылға дейін созылады. Ержүрек батырмен шайқасқа 1221 жылы қара күзде Шыңғыс ханның өзі шығады. Бар болғаны жеті мыңдай Жалел әд-Дин қолын моңғолдың қалың әскері қоршап алады. Арыстандай арпалысқан көтерілісшілерге біржола құрып кету қаупі туғанда, Жалел әд-Дин жау қолына түспесін деп барлық қазынаны, әйелдер мен балаларды суға тастауға бұйырады. Жаумен айқаса келе астындағы арғымақты жойқын дарияға бір-ақ қарғытады. Өз қолбасшысының бұл ерлігін көрген былайғы көтерілісшілер де өзенге секіреді. Сонда бір қолындағы қалқанмен жауып тұрған оқтан ту сыртын қалқалап, екінші қолындағы туды асқақтата көтеріп, арғы жағаға өтіп бара жатқан Жалел әд-Динді көріп, Шыңғыс хан жауына қызғана тұрып сүйсіне қараған деседі.