Күріш Қожаққызы Қалиева (1914, Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Үштаған ауылы – 1956) — қазақтың күйші-домбырашысы және батыс күйшілік дәстүрінің өкілі.

Өмірбаяны Күріш Қалиева 1914 жылы Атырау облысы, қазіргі Құрманғазы ауданы аумағында орналасқан Үштаған ауылында дүниеге келген. Руы — Жайық-Беріш, Қанай атасының Бұтмолда тармағы. Әкесінің есімі — Қожақ. Жастайынан домбыра өнеріне бейім болып, әкесі Қожақтың, сондай-ақ домбырашылар Ишанғали мен ағасы Құбайдолланың орындаушылық дәстүрін көріп өседі. Сабыр Мұқатов есімді домбырашының да шәкірті болған. Ерте кезеңде латынша сауат ашып, халықты сауаттандыру ісіне қатысқан. Қоғамдық өмірге белсене араласып, ауылдық деңгейде депутат болған. Сонымен қатар интернатта жұмыс істей жүріп, балаларға домбыра тартып, «Қоян-бүркіт» деген би үйреткен және көрші ауылдарда өнер көрсеткен.

Шығармашылығы Күріш Қалиева — дәстүрлі қазақ күй өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі. Репертуарында шамамен 80-ге жуық күй болған. Ол халық күйлерімен қатар қазақтың белгілі композиторларының шығармаларын орындаған. Атап айтқанда Құрманғазы Сағырбайұлының күйлері, Дәулеткерей Шығайұлы, Дина Нұрпейісова, Сейтек Оразалыұлы, Ғилаж Мүжінов шығармалары. Орындаған күйлерінің ішінде «Нар идірген»; «Қосалқа»; «Кісен ашқан»; «Ертең шығам»; «Ақсақ киік»; «Серпер»; «Сарыарқа»; «Жігер» және тағы да басқа. Сонымен қатар оның «Кезқұлақ» атты төл күйі белгілі. Кейін бұл күйдің атауы «Көтерілген тың» деп өзгертілген. Күйші Сабыр Мұқатовпен бірге домбыра тартысқан.

Орындаушылық ерекшелігі Күріш Қалиева домбыра орындауда ерекше техникасымен танылған. Ол дыбыстың тазалығына ерекше мән беріп, кей жағдайда ішектен артық дыбыс шықпау үшін қолдың етімен ойнау тәсілін қолданған. Оның орындау мәнері қоңыржай, әуезді және тыңдаушыға әсерлі болуымен ерекшеленеді.

Танылуы Күйшінің есімі алғаш рет Қ.Төлеуішов пен З.Шарафутдиновтың «Таубұйрат елі» еңбегі арқылы кеңінен таныла бастады.

Қайтыс болуы 1956 жылы 2 қарашада байқаудан ауылына қайтып келе жатқанда жол апатына ұшырап, қайтыс болды. Күйші Үштаған аумағында жерленген.

Мұрасы Күйші мұрасы қазіргі зерттеушілер мен орындаушылардың назарын аударуда. Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Мөлдір Қисамеденова Күріш Қалиеваның өмірі мен шығармашылығын зерттеген. Сонымен қатар ол күйшінің «Көтерілген тың» күйін орындап, оның мұрасын насихаттауға үлес қосқан.

Дереккөздер

Әдебиет М. Қисамеденова «ХІХ - ХХІ ғғ. Батыс Қазақстан күйшілік дәстүріндегі қыз - келіншектер күйлерінің музыкалық-стильдік ерекшеліктері» (Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университеті, Семей, Қазақстан, 2015 жыл) Əлімгереев Ө. «Еділ жайлаған қазақтар» Деректі зерттеу. Өтепберген Əлімгереев. ─ Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы. «Атажұрт» баспа орталығы. 2012 жыл. 248 бет. ISBN 978-601-7023-52-2

Санат:Қазақстан күйшілері Санат:Қазақстан домбырашылары Санат:Домбырашылар