Владимир Путиннің Такер Карлсонға берген сұхбаты () — 2024 жылғы 6 ақпанда жасалған, Ресей президенті Владимир Путиннің америкалық саяси шолушы Такер Карлсонға берген сұхбаты. Тұсаукесері 2024 жылғы 8 ақпанда Карлсонның Tucker Carlson Network сервисінде және Twitter (X) әлеуметтік желісінде өтті. Бұл Ресей президентінің 2022 жылғы 24 ақпандағы Ресейдің Украинаға басып кіруінен бергі батыстық журналиске берген тұңғыш сұхбаты болды.
Күрделі сұрақ беремін деген уәде бергеніне қарамастан, Карлсон Путинге Буча мен Мариупольдегі ресейлік әскери қылмыстар туралы немесе Алексей Навальный туралы еш сұрақ қоймады, ал Путин Ресей мен Украина тарихының балама нұсқасын, соның ішінде КСРО «тарихы» жайлы жалған ақпарат айтып, бұрыннан бар тезистерді қайталай берді. Владимир Путиннің маңызды мәлімдемелерінің бірі Ресей түрмесінде тыңшылық жасады деген айыппен отырған америкалық журналист Эван Гершковичке қатысты сұраққа берген жауабы болды.
2024 жылғы 19 ақпандағы жағдай бойынша Twitter әлеуметтік желісіндегі видеоны 200 миллионнан астам адам көрген. YouTube желісінде сұхбатты көрермен 18 миллионнан астам рет қараған.
Алғышарттары Такер Карлсон — қастандық теорияларын таратқаны үшін белгілі америкалық журналист және саяси түсініктемеші. Сұхбаттан бұрын Карлсон: «Біз бұл жерде Путинді жақсы көргенімізден жиналған жоқпыз. Біз бұл жерде Америка Құрама Штаттарын жақсы көргенімізден отырмыз» деген еді. Карлсон бұрын Путинді ақтап жүрген және Украинадағы соғыспен байланысты Ресейдің жалған хабарын да қолдайтын. 2016 және 2023 жылдар аралығында Карлсон Fox News телеарнасындағы Tucker Carlson Tonight шоуының жүргізушісі еді, бұл жерде ол Украинаны қаралайтын, Президенті Володимир Зеленськийды «диктатор» деп те сипаттаған. 2023 жылғы сәуірде Карлсон Fox News-тағы жұмысынан айырылып, Twitter желісінде Tucker on X бағдарламасын бастады. Бағдарламаның тұңғыш эпизодында ол Каховка су электр станциясын Украина жойған деген.
Президенттігінің барысында Путин Ресейдегі баспасөзді шектейтін. 2023 жылғы наурызда Ресей үкіметі америкалық The Wall Street Journal баспасының журналисі Эван Гершковичті қамауға алды, оған тыңшылық жасады деген айып тақты. Ресейдің Украинаға басып кіргенінен бері Путин еш батыстық дереккөзге сұхбат беріп көрген жоқ. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Карлсонның сұхбат алуға рұқсат алған себебін «оның өзгеше көзқарасы» деген, «ол ресейшіл емес, ол украинашыл емес, ол америкашыл. Ол дәстүрлі англосакс баспасөзінің көзқарасынан аса ерекшеленеді» деп те қосты.
Өндірісі нобай|оңға|Сұхбаттың өткен жері, Мәскеу
Известия хабарлауынша, Карлсон Мәскеуге 3 ақпанда келді. Оның елде бар болғаны жайлы ресейлік БАҚ хабарлады да, мүмкін Путиннен сұхбат алмақ деген болжам жасады. Үлкен театрға келген Карлсон кейін Спартак балетін тамашалады. Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сөзінше, сұхбат 6 ақпанда орын алды.
Сұхбат мазмұны нобай|оңға|Ресей президентінің сайтында жарияланған сұхбат нұсқасы
Сұхбат Карлсонның Путиннен неге Украинаға басып кіргені жайлы сұрағынан басталды. Путин «тарихқа шолмақ» болып, 30 минуттай IX ғасырлық Киев Русінен бергі Шығыс Еуропа тарихының өз нұсқасын айтып кетті. Путин Польша 1939 жылғы Вермахттың кампаниясына дейін Адольф Гитлермен бірге қызметтесті деді. Ол Польшаның нацистік Германияны басып алуға арандатқанын айтты, себебі ретінде поляктардың Гитлердің поляк территориясы туралы талаптарын қабылдамағанын айтты. Ол қазіргі басқыншылықты ішінара Украинаның Ресеймен тарихи және этникалық қарым-қатынасына және Украинаның мәдени бірегейлігі мен аумақтық бірігуінің жоқтығына байланысты ақтады. Ол, оған қоса, Украинаны «жасанды мемлекет» деп атады, оның құрылуы «Сталиннің қалауынша» орын алды деді, Украинаның оңтүстік және шығыс аймақтарының украиндықтармен еш мәдени байланысы жоқ деп те айтты. Ол соғыс себептері қатарына, оған қоса, Украинаның Екінші Минск келісіміне бағынбағанын қосты.
Путин Украинаға басып кіргендегі үндеуінде айтқан риторикасын бұл сұхбатта қайталап жіберді: Намыс төңкерісін «Орталық барлау агенттігі жасаған әскери төңкеріс» деді, Донбастағы соғысты бастаған Украина еді, Украинаның үкіметінің нео-нацистермен байланысы бар, НАТО Украина арқылы Ресейді қорқытпақ деді.
«Ресей өзінің соғыстағы мақсатына жетті ме?» деген сұрақты естігенде Путин «жоқ» деп жауап берді: «Біз мақсаттарымызға әлі жетпедік, өйткені олардың бірі денацификация еді». Карлсонның «Ресей қазір жаулап алған жеріне ырза ма?» деп сұраған кезінде Путин жауап бермей қойды. Путин Зеленськиймен келіссөз өткізуге дайын болғанын және келіссөз жүргізуге деген оның тыйымын ұнатпайтынын айтты. Путин Украина мен оның одақтастарының Ресейге қарсы «стратегиялық жеңіс» көрсете алмайтынын айтты. Ол Америка Құрама Штаттары Украинаны қаржыламай қалса, соғыс «екі-ақ шақты аптада» бітетін еді деді. Путиннің ойынша Ресей–АҚШ қатынастары 2024 АҚШ президент сайлауынан өзгермейді, өйткені Американың дипломатиясы тек элитасымен байланысты.
Путин сөзінше, Ресейдің Польша, не Латвия сияқты НАТО мемлекетіне басып кіруі мүмкін емес, бұл елдердің Ресейге бірінші шабуылдаған кезін санамағанда.
Путиннің ойынша, АҚШ үкіметіне оның сайланбалы мүшелері емес, Орталық барлау агенттігі басшылық етеді. Ол, оған қоса, Батыс әлемін Ресейді талай рет сатып жіберген деді және осылайша соғыстың ұзақ жалғасуына олар ғана кінәлі деген айып тақты.
Сұхбат барысында ол АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтоннан Ресейдің НАТО альянсына кіруі мүмкін бе деп сұрағанын, бірақ Клинтон кеңесшілерімен сөйлескеннен кейін Путинге «жоқ» деп жауап бергенін айтты. Путин бұл жерде оны құптамайтынын және «уәделерге» қарамастан, НАТО шығысқа, соның ішінде Украинаға қарай кеңейе беретінін және оның Ресей тарабынан еш қабылданбайтынын айтты. Оның айтуынша, ОБА-ның Кавказдағы Ресейге қарсы оппозициялық топтарға қолдау көрсетіп жатқанын мойындаған мәлімдемесін Ресей мұрағатқа алған.
Сұхбат соңында Карлсон Путиннің Эван Гершковичті ізгі ниет ретінде қамаудан босататынын сұрады. Путин Гершковичті Еуропа астанасында «бандитті жойған» ресейлік «патриотқа» айырбастауға дайын екенін айтты. Бұл Ресей 2019 жылы Берлинде шешен сепаратисін өлтірген ресейлік барлау агенті Вадим Красиковпен тұтқындарды ауыстыруды талап етіп отырғанын растағандай болды. Сол жылғы Ресей мен Батыс елдері арасындағы тұтқындар алмасу нәтижесінде бұл екі адам бос болды.
Сұхбатты талдау Түрлі БАҚ Путин сұхбат барысында көптеген жалған, не жаңылыстыратын мәлімдеме жасағанын және Карлсонның оған дұрыс қарсы шыға алмағанын хабарлады. Олар Карлсонның Путиннен Ресейдің Украинадағы болжамды әскери қылмыстары, Украинаның азаматтық нысандарына Ресейдің зымырандық соққыларының жалғасуы немесе Путиннің саяси наразылықты басып-жаншуы туралы сұрамағанын атап өтті. CNN баспасының журналисі Оливер Дарсидің сөзінше, «Карлсон Путинге өзінің үгіт-насихатын жаһандық аудиторияға тарату үшін платформа берді, оның сөзін тым аз, не мүлде тексермеді» және кейбір жағдайларда «тіпті Путиннің әңгімелерін қолдап та кетті».
Йель университетінің профессоры, Орталық және Шығыс Еуропа тарихына маманданған тарихшы Тимоти Снайдер «Путиннің өткен туралы айтқан сөздерінің көпшілігі оғаш» деді.
Реакция Алғашқы үш күнде сұхбат YouTube-те 14 миллион, Twitter-де 185 миллион қаралым жинаған.Exclusive: Tucker Carlson Interviews Vladimir PutinEp. 73 The Vladimir Putin Interview
Сұхбаттан кейін Лекс Фридманмен жүргізген подкастта Карлсон Путиннің «деназияландыруды» ақтауын «мен естіген ең ақымақ нәрселердің бірі» деп сипаттады және Путиннің әрекетін «шамадан тыс дайындалған студентке» теңеді.
Америка Құрама Штаттарындағы реакция АҚШ-тың бұрынғы өкілі Адам Кинзингер Карлсонды «сатқын» деп атады, ал депутат Марджори Тейлор Грин Карлсонның шешімін жоғары бағалады. АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон және бұрынғы конгрессмен Лиз Чейни Карлсонды «пайдалы ақымақ» деп сипаттады.
Ресейдегі реакция Ресей Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары және Путиннен бұрынғы президент Дмитрий Медведев Путин «Батыс әлемі үшін Украинаның неліктен болмағанын, жоқ екенін және болмайтынын барынша мұқият және егжей-тегжейлі айтып берді. Такер Карлсон қорықпай қалды және берілмей кетті».
Өзге реакция Моңғолияның бұрынғы президенті Цахиагийн Элбэгдорж Twitter парақшасында бүкіл Ресейді қамтитын Моңғол империясының картасын жариялап: «Путиннің әңгімесінен кейін мен Моңғолдың тарихи картасын таптым. Уайымдамаңыз. Біз бейбіт және еркін халықпыз».
Дереккөздер
Санат:Көсемсөз Санат:2024 жылғы шығармалар Санат:Интервью Санат:АҚШ және Ресейдің Украинаға басып кіруі Санат:Такер Карлсон Санат:6 ақпан оқиғалары Санат:Владимир Путин