Трубадур (тапқыр, айтқыш, жүйрік, шешен деген мағынадан шыққан сөз). Францияда ел кезіп жүрген ақындар қазақтың әнші-ақындары секілді өлеңдерін өзі музыкалық аспапта орындаған, аракідік өзі де өлең шығарған, сол шығарған өлеңін өз сазымен сүйемелдеп айтқан.
Трубадурлар өмір қуанышын, сұлулықты, махаббат сезімін жырлады. Махаббатты шынайы, шыншыл етіп беруге ұмтылады, әсіресе әйел бейнесіне жиі тоқталып өтеді. Сондықтан да католиктер трубадурларды қудалауға салды.
Трубадурлардың қатарында сарай маңындағы адамдар, ірі батырлар, сондай-ақ төменгі әлеуметтік топ өкілдері, қолөнершілер мен әйелдер де болған. Трубадурлар халық әндерінің негізінде әр түрлі өлең түрлерін енгізді: Сирвента (саяси тақырыпқа негізделген өлең), қансона (махаббат жыры), жылау-сықтау, қоштасу (таңсәріде ғашықтардың қоштасар сәтте айтатын әні), пасторелла (малда жүрген қыз бен жігіттің сөз сайысы), тенсона (екі ақынның махаббат, поэзия тақырыбындағы диалогы), баллада (қайырмасы бар би өлең). Провансаль лирикасы сәнді, салтанатты жырлайды, шумақтары әр түрлі болып келеді.
XIII ғасырдан бері қарай провансаль лирикасы бәсеңдей бастайды. Трубадурлар поэзиясының табиғаты қазақтың әнші-ақындарының поэзиясына бір табан жақын тұр. Қас-қағымда өлең шығарып, суырып салып айту машығы, ақындық пен әншілікті қатар ұстау біздің Ақан сері, Біржан сал сынды лирик ақындарымызда бар қасиет. Трубадурлар секілді көбінесе той-думанда махаббатты, сұлулықты жырлайтын дәстүр қазақтың сал-серілер поэзиясында да бар.Әдебиеттану терминдерінің сөздігі
Дереккөздер https://commons.wikimedia.org/w/index.php?search=Troubadour&title=Special%3AMediaSearch&type=image