Тасымал — сөздің жолға сыймаған бір немесе бірнеше буынның келесі жолға бөлініп жазылуы

Жазып келе жатқанда, жолға сыймаған сөз буын жігіне қарай тасымалданады. Мысалы: ала-қан, ор-на-лас-тыру.

Екі дауысты дыбыстың ортасында келген Й мен У дыбыстары бар сөздерді буындағанда, бұл дыбыстар келесі буынның басында келеді және солай тасымалданады. Мысалы: да-уыс (дау-ыс емес), са-уат (сау-ат емес), да-йындық (дай-ындық емес), құ-йын (құй-ын емес). Ал үу, ұу, ый, ій дыбыстар тіркесінің орнына жазылған у, и әріптері бар сөздер тасымалдағанда, тасымал жігі дауысты әріптен басталады және солай тасымалданады. Мысалы: бу-ын, су-ық, қу-а-қы, қи-ын, ти-ын, жи-ын (тасымалданудың бұл түрі қазақ сөздері буындалудың табиғатына қарай емес, қос дыбысты и, у деген жалаң таңбалар мен жазуға байланысты қолданылатын шартты ереже.)

Ескерту: Сөз ішінде үш дауыссыз дыбыс қатар келгенде, алдыңғы жолда екі дауыссызды қалдырып, келесі жолға үшінші дауыссыз дыбыс әрпін шығарып тасымалдау керек. Мысалы: құмырс-қа (құмыр-сқа емес), күңгірт-теу (күңгір-ттеу емес), жаңғырт-ты (жаңғы-ртты емес).

Жазып келе жатқанда жолға сыймаса, мынадай орындарда тасымал жасауға болмайды.

а) екі, үш не одан да көп әріптерден құралған бір буынды сөздер жеке тұрғанда тасымалданбайды; ә) сөздің жеке әрпін сол жолдың өзінде қалдыруға да, келесі жолға тасымалдауға да болмайды. Мысалы: ара (а-ра, ар-а емес), аяқ (а-яқ емес), алақан (а-лақан емес); б) бас әрпітер қысқарған сөздерді бөліп тасымалдауға болмайды. Мысалы: БҰҰ (Б-ҰҰ немесе БҰ-Ұ емес); в) кісі атының қысқартылып алынған әрпін (инициалдарын) фамилиядан айырылып, сол жолда қалдырмаған да, екінші жолға көшірмеген де дұрыс: А.С. Пушкин, Л.Н. Толстой, М.О. Әуезов; г) цифр арқылы таңбаланатын сандарды оларға қатысты қысқарған атауларынан бөлмей тасымалданған жөн. Мысалы: 25 га (25-га емес), 50 см (50-см емес), 50% (50-% емес).Қазақ тілінің орфограциялық сөздігі. Р. Сыздық. Алматы, Ағыс, 2005.