Дайыр қожа (Темір-қожа, Ай-қожа, Ақжол би) (1345(?) - 1410) - Тоқтамыс хан тұсындағы Алтын Орданың биі, Арғын тайпасының ұлысбегі, Қодан Тайшы жыраудың ұлы. Дайыр қожа халық ауыз әдебиетінде Ақжол би деп те аталады, оның есімі - Арғын тайпасының ұранына айналды.
Өмірбаяны Әкесінің XIV ғасырдың басында дүниеге келгеніне қарағанда, Дайыр қожа 1345-1350 жылдары дүниеге келген болуы мүмкін. Дайыр қожаны әр түрлі деректерде Темір-Қожа, Ай-Қожа және Ақжол-би деген лақап аттарымен атайды. Есіміне «Қожа» деген тіркеу қосылғаны оның діни қызметкерлікпен байланысын білдіреді. Қодан би жырларында да ұлының ноғайлы халқын дұрыс жолға бағыттағанын айтады. Дайыр қожа Ишқия тариқатының сопы шейхы Джалал ад-Диннің мүриді(шәкірті) болған. Шамасы, Дайыр қожа өзінің рухани ұстазы сияқты, Жошы ұлысының көшпелі халқы арасында ислам дінін уағыздап таратқан.
Ұрыс ханның билігі кезінде Қодан бастаған арғындар оған бағынышты болды, ал Ұрыс ханның Тоқтамыспен қақтығысы кезінде арғындар Тоқтамыстың жағына ауысады. Бұған себеп болған Ұрыс ханның арғындарды қыспалағаны делінеді. Жазбаша және ауызша дереккөздерге сәйкес, Тоқтамыстың ең жақын серіктерінің ішінде Қоданның ұлы Дайыр-қожа және Дайыр-қожаның ұлы Қара-қожа болған.
Дайыр қожаның өмірі туралы ақпараттың көп бөлігін молда Ахсикендинің «Маджму әт-Таварих» кітабынан алуға болады. Бұл дереккөзге сәйкес, Дайыр қожа Шимал Жаста (Солтүстік Жете) тайпаларының бір бөлігін, яғни Балқаш немесе Алтай маңындағы солтүстік Моғолстан аймағында жүрген моғол тайпаларын басқарған, ал екінші бөлігін Дулат тайпасынан шыққан әйгілі әмір Камар ад-Диннің әкесі Жолой басқарған. П. Петров Дайыр қожа мен оның ұлы Қара қожаны Іле-Ертіс өзені аралығының билеушілері деп атайды. Дайыр қожа Тоқтамыс хан мен қырғыз батыры Манастың одақтасы болғаны, және Дулаттардың әскербасы Жолоймен, манғыттармен және Шәдібек ханның ұлы Болат ханмен шайқасқаны туралы тарихи деректер сақталған. 1410 жылы орын алған шайқастардың бірінде Дайыр қожа Болат ханды өлтіріп, басын кесіп алған. Өмірінің соңында Тоқтамыс хан оған Манас қаласының билеушісі болуды ұсынады. Бірақ Дайыр қожа бас тартып, Шіркент қаласына көшіп, ұстазы Саид Джалал ад-Динге қосылады. Өз орнына ұлы Қара-Қожаны тағайындауды ұсынады. Содан бір жылдан кейін Дайыр қожа қайтыс болады, жаназа намазын шейх Джалал ад-Диннің өзі оқыды. Қодан-тайшының ұлын жоқтау жырына қарағанда, Дайыр-Қожаны Қарақыпшақ Қобланды батыр өлтірді. Мажму ат-таварихтің жазбаларында, Дайыр-Қожа Алтын Орда ханы Болатты өлтіргеннен кейін көп ұзамай, яғни шамамен 1410 жылы өлтірілген.Ж. Сабитов, А. Каратаев. О ПРОИСХОЖДЕНИИ И ИСТОРИИ ПЛЕМЕНИ АРГЫН // Отан тарихы: «журнал».— 2026.— Январь(№ 29).— С. 118—131.— ISSN (Online) 2788-9718 (Online)
Ұрпақтары Шежіре бойынша, қазақ арғындары Қодан тайшы мен оның ұлы Ақжол биді (Дайыр қожа) өздерінің ең түпкі ата-бабалары деп санайды. Генетикалық және тарихи деректер бұл ақпаратты растайды. Ақжолдың екі ұлы болған: Қарақожа (одан Қуандық, Бегендік, Сүйіндік және басқа да кіші рулар тарайды) және Сомдық (одан - Тоқал-арғындар немесе кіші Арғындар).Этногенез казахов с точки зрения популяционной генетики The Russian Journal of Genetic Genealogy. Volume 4, No 2 (2012)/Volume 5, No 1 (2013). C. 29-47.
Дереккөздер
Санат:Қазақ руларының арғы бабалары Санат:Алтын Орда билері