Атырау облысы — Қазақстанның батысында орналасқан облысы, аграрлы-өнеркәсіптік инвестициялық аумақ, 1938 жылы Гурьев облысы деген атаумен құрылған. 1992 жылы қазіргі атауына ие болды. Орталығы — Атырау қаласы.
Географиясы Солтүстігінде Батыс Қазақстан облысымен, шығысында Ақтөбе облысымен, оңтүстік-шығысында Маңғыстау облысымен және батысында Ресейдің Астрахан облысымен шектеседі. Сондай-ақ оңтүстік шекарасы Каспий теңізіне келіп тіреледі.
Жер бедері
нобай|оңға|200px|Нарын құмы (сары түсті) — Атырау облысындағы ең үлкен құмды массив Облыс аймағы Каспий маңы ойпатының солтүстік-шығыс бөлігін, Жем қыраты мен Үстірттің батыс шетін, Каспий теңізінің солтүстік бөлігін алып жатыр. Жері солтүстігінен оңтүстікке қарай аласара түсетін Ойыл, Сағыз, Жем өзендері салаларымен тілімденген.
Бұл аймақты Жем қыраты мен Үстірттің батыс сілімдері Доңызтау (214 м), оның бөліктері Желтау (221м), Тамды (175) жоталары алып жатыр. Қайнар мен Жем өзендері араларында Иманғара (199 м) Қойқара қыраттары, Қарамұрат жоны, Алабие, Аққұдық, Қабылан жоталары орналасқан. Олар ақшыл ізбес тастан тұрады. Жайық өзенінің сол жақ жағалауында Индер орналасқан. Таудың биіктігі 52 метр, ұзындығы 25–30 километр, ені 10 километрге жуық.
Каспий маңы ойпатының оңтүстік және оңтүстік батыс бөліктерінде құмды шағылдар көп тараған. Еділ өзенінің сол жағалауы мен Каспий теңізінің жағалықтарын Нарын құмы мен Мыңтөбе, Қосдәулет, Ботай құмдары, Ойыл мен Сағыз аралығын Тайсойған, Бүйрек құмдары, облыстың шығысын Каспий маңы Қарақұмы алып жатыр. Бұл құмдардың ең үлкені — Нарын құмы.
Атырау аумағында кең тараған жер бедерінің бір түрі — сорлар. Олардың тереңдіктері 5–10 метрге жетеді.
Ресей шекарасының батыс бөлігінен Еділ өзені ағып өтеді. Каспий теңізіне құятын Еділ жəне Жайық өзендерінің аралығының барлық дерлік бөлігін Атырау облысы алып жатыр. Географиялық тұрғыдан облыстың солтүстік-батыс жағы Еуропада, ал бүкіл шығыс жағы Азияда, негізінен шөлейттік аймақта жатыр.
Сонымен қатар Атырау аумағында тақырлар кездеседі. Ең үлкен тақыр Намаз тақыры деп аталады. Ол облыстың солтүстік- шығысында орналасқан.
Геологиялық құрылымы
Геологиялық тұрғыдан алғанда Атырау облысы көне Шығыс Еуропа платформасына ендеп кірген Каспий маңы ойпатының оңтүстік жағалауын алып жатыр.
Атырау облысының шегінде ендік бағыты бойынша 500 километрге созылған, ені 90–140 км Солтүстік Каспий — Биікжал аймағы бар.
Оңтүстік жағында Оңтүстік Жем ылдиымен көмкеріледі, мұндагы іргетастың беті 12–13 километр тереңдікте жатыр.
Іргетастың үстінде шөгінді қорабы бар, ол тұз асты, тұзды, тұз үсті кешендеріне бөлінеді, палеозой және мезокайнозой кезеңдерінде қалыптасқан, жыныстарының жалпы тереңдігі 12–14 километрден асады.
Қаратон — Теңіз аймағында бірыңғай карбонатты кешен қалыптасқан. Геофизикалық зерттеулердің мәліметтері бойынша оның жалпы калыңдығы облыстың Солтүстік Каспий аймағында 1,5–3 километрге дейін, Каспий маңындағы ойпат ернеуінің оңтүстік-шығысында 8–10 километрге дейін өзгеріп отырады.
Тұз асты кешенінің күмбезі оңтүстігінде Оңтүстік Жем инверсиялык биігінен солтүстіктегі ойпаттың орталығына қарай моноклиналды түрде енеді. Тұз асты кешенінің моноклиналды енуінің аясында 3,5–3,8 километрден 6,0–6,4 километрге дейінгі тереңдіктен көптеген жергілікті қатпарлар, көлемі мен аумағы жөнінен әр түрлі, көтерілетін жерлердің жолағын кұрайтын белгілер ерекшеленеді.
Ерекшеленген төбешіктердің ұзындығы 6–20 километрге дейін, ені 100–300 метрден 2–13 километрге дейін кұбылып отырады.
Юралық-бор шөгінділер жағалаулық-теңіздік және теңіздік-терригенді, терригенді-карбонатты шөгінділер түрінде кездеседі. Бұл шөгінділердің қалыңдығы облыстың солтүстік бөлігінде 0,3–0,5 метрден Прорва аймағында 3 километрге дейін өзгеріп отырады.
Тұтастай алғанда облыстың тектоникалық дамуында жауын суының жиналу жағдайындағы сияқты сабақтастық байқалады. Сабақтастық мезгілі жөнінен геологиялық кезендерге сәйкес келеді. Аймақтың жоғарғы пермьдік-триастық, юра-палеогендік, неоген-төрттік даму кезендері айқын көрінеді.
Пайдалы қазбалары
Облыстың жер қойнауында қалың шөгінді қабаттармен байланысқан әр түрлі пайдалы қазбаларға мол. Олардың ішінде қоры аса бай әрі негізгісі мұнай болып табылады.
Мұнай-газдан басқа пайдалы қазындылар ішінен облыс экономикасы үшін маңыздылары ретінде борат және борат тұзды кендерді, ас тұзын, калийлі, магнийлі жыныстарды атауға болады. Құрылыс индустриясы шикізаттарынан бор, бор-мергельді жыныстар, гипс, ангидрит, сазды, кұмды әктастар, сондай-ак битуминозды жыныстар (кирлер) мен тұщы және минералды су көздері бар.
Борат кені дүние жүзінің бір-ақ жерінен, тек Атырау облысының қойнауынан ғана табылып отыр. Сондай-ақ күкірт, құм-қиыршық тас қосындылары, отқа төзімді керамзит және кірпіштік саздар, ұлутас, шипалы балшық, қоңыр көмір мен минералды бояулар жасауға жарамды саз шөгінділері бар.
Топырағы
Жалпы Каспий маңы ойпатының, сондай-ақ Атырау облысының топырақ жамылғысының құрылымы өзінін түзілу факторлары мен құрамының сан алуандығына байланысты өте күрделі болып келеді.
Негізінен мұнда топырақ таралуының ендік белдеулілігі басым қалыптасқан, яғни топырақтың бір түрінің қабаты ендік бағытқа қарай созыла шашыла түзіледі де, теңізге жақындаған сайын келесі түрмен жиі және әлденеше рет ауысып отырады.
Шалғынды аллювийлі қуаң топырақ (Жайықтың екі жағындағы кең жайылмаларында ғана тараған, құнарлы қабаты 70 сантиметрге дейін, негізі — аллювий шөгінділері).
Бозғылт — құмды топырақ (Нарын, Тайсойған және Ментеке өңірлері). Батпақты-тұзды саз топырақ (ойпаттың теңіз жағалауына ұласатын бөлігі, гумус қатапшы, шикі шымтезек аралас келеді, аса кепкен жерлерінде бэр төбешіктері қалыптасқан).
Автоморфты қоңыр не сұр қоңыр топырақ (Жайықтың екі жағында да, әсіресе сол жағында Тайсойғанға дейінгі өңірді, Ойылдың сағалық бөлігін қамтиды, біршама құнарлы келеді, гипс пен тұз кабаттарының үстінде түзілген, облыс жерінің 20%-ынан астамын алады)
Тақыр және батпақты Теңіз жағалауының топырақ құрамының ішінде 2 млн. гектар жері ащы-ашқылтым топырақтар. Бұл аймақ бұйырғынды, күзгі-қысқы жайылымға пайдаланады. Тиісті ылғалдылық жетпеуінен олар қатқылдыққа айналып, өсімдіктердің еркін өсуіне мүмкіндік бермейді.
Сортаң топырақ облыс аумағында өте көп тараған. Топырақтың беткі қабатына тұзы шығып жатады. Мұнда тұздың мөлшері 8–10 % -ке дейін жатады.
Өсімдіктер дүниесі
нобай|оңға|200px|Атырау қаласындағы ашаршылық кезінде аштықтан құтқарған "Құмаршық" өсімдігіне ескерткіш.
Облыстың барлық аудандарында дерлік жусан, қияқ, бұйырғын, ебелек, мортық, қоңырбас, көкпек басым өседі, бұларға қосымша көктемде ойпатттарда селеу, изен, сарсазан, ажырық т.б.араласа шығады.
Теңіз жағасындағы батпақтарда қамыс, құрақ жиі кездеседі. Шығыс жағында ебелек, мортық, шытыр, қаңбақ, ақселеу, жыңғыл, жүзгін өседі.
Сонымен қатар облыс аумағында дәрілік, техникалық өсімдіктер де кездеседі. Олардың жалпы саны 50 ден асады. Дәрілік шөптерден облыс аумағында кездесетіндері: адыраспан, ешкі тал, қырықбуын, құмаршық т.б. Жалпы Атырау облысында өсімдіктердің 945 түрі бар. Бұлардан басқа жантақ, көкпек, ошаған, сүттіген, шырмауық т.б. табиғи өсімдіктер бар. Улы шөптерден, есекмия, меңдуана кездеседі.
Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген, яғни жойылып кету қаупі төнген өсімдік түрлерінен ақтұңғиық, берік сүттіген, бор рияны, бор сиякөгі, бор сылдыршөбі, бүршікті альдрованда, бүршікті феллориния, кестелі шампиньон, комаров жоңышқасы, күманды долана, қатпар гладолиус, мейер шытырмағы, су шылымы, тегеурінгүл, т.б. кездеседі.Карта: Охраны природы Атырауской области
Жануарлар дүниесі
нобай|оңға|250px|Қортпа балық (белуга) Атырау облысында 500 ге тарта омыртқалы жануарлар түрі және мыңдаған омыртқасыз жануарлар түрлері кездеседі. Облыс аумағында құстар алуан түрлі және кең таралған. Олардың ең басты тіршілік орындарының бірі –су және оның жағалауы. Жалпы құстардың 280-дей түрлері бар. Оның ішінде бірқазан, дегелек, қаз, үйрек, шағала, тырна, дуадақ, көгершін, торғай тәрізділер көп тараған.
Облыстың өзен-көлдерінде балықтардың көптеген түрлері бар. Кәсіптік маңызы бар балық түрлерінен бекіре, қорытпа, шоқыр т.б. балықтар кездеседі. Облыс суларында шортан, сазан, жайын, майшабақ, қаракөз т.б. кең тараған. Жалпы Каспий теңізінің Атыраулық аймағында бағалы балықтардың 122-ден астам түрлері кездеседі.
Қосмекенділер мен бауырмен жорғалаушылардың 50 ге жуық түрлері тараған, кемірушілердің 27 түрі бар. Атырау облысында аңдардың 55 түрі, оның ішінде жыртқыш аңдардың 12 түрлері бар. Олардың кең таралғандары: қасқыр, түлкі, қарсақ, жанат тәрізділер, қабан, киік.
Облыстың пайдалы қазындылары, әсіресе мұнай-газ кендерін қарқынды игерудің нәтижесінде хайуанаттар дүниесінің таралу кеңістігі жылдан-жылға тарылуда, түр саны азаюда, тіршілік аумағы күннен-күнге кемуде.
Климаты
нобай|оңға|200px|Шаңды дауылдар Атырау облысында жиі болады Атырау облысында континенттігі тым басым климат қалыптасқан. Облыс табиғи ылғалдылығы жеткіліксіз, аңызақ желді, шаңды дауылды, жазы ыстық, қуаң, қысы қарсыз (не жұқа қарлы) болып келеді.
Ең ыстық айы — шілде, ауасының орташа температурасы 24–25°С, жалпы ыстық 35–40°С, кейде одан да астам болады.
Жауын-шашынның жылдық мөлшері 220–230 мм, қуаңшылық жылдары жауын-шашын мөлшері 80 мм-ден аспайды, ал ылғалдың жер, су бетінен ауаға булану мөлшері 1000 мм, кейде одан да астам болады. Облыстың солтүстігінде жыл бойына оңтүстік бағыттағы желдер басым болады. Оңтүстік аудандарда құрғақ шөлді жерлерде қыста шығыс бағыттағы желдер жиі соғады (қарқындылығы 6–7 м/сек), ең күшті желдің қарқындылығы 15 м/сек. жетеді де жыл ішінде 50 күндей соғады. Жел жаз айларында түрлі бағыттардан өзгеріп соғып отырады. Көбіне солтүстік-батыс, оңтүстік-батыс, оңтүстіктен соғатын желдер басымырақ келеді. Оңтүстік желдер аңызақтығымен, құрғақ әрі ыссылығымен ерекшеленеді.
Қыс маусымы ауасының қаңтардағы орташа температурасы -8°С, -12°С, қиыр оңтүстігінде -5°С, -6°С. Қыста жел негізінен шығыс (оңтүстік-шығыс және солтүстік-шығыс) бағытында соғады, қарқындылығы 6–7 метр/секунд Жылдык жауын-шашын мөлшерінің жартысынан астамы қыста түседі.
Гидрологиясы
нобай|оңға|200px|Атырау облысындағы Жайық өзені нобай|оңға|200px|Құлсары маңындағы Қамыскөл көлі. Атырау облысының жер беті сулары Еділ өзенінің сол жақ тармақтарынан, Жайық, Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің төменгі ағыстарынан және үлкенді-кішілі көлдерден тұрады. Негізгі өзені Жайық өзені.
Өзендері Өзендердің жинайтын суларының тек 10–20% ғана өз облыс аумағынан, ал қалған суын басқа аймақтан әкеледі. Жайық өзені кеме арқылы әр түрлі жүк және жолаушы тасымалдауға пайдаланылады, балық ауланады. Ал қалған өзендері егістікке, шабындықты суландыруға және мал суару үшін ғана пайдаланылады. Ірі өзендері Жайық, Жем, Ойыл, Қайнар.
Сол сияқты Бақсай, Бүгілөзек, Бағырлысай, Ақсай өзендерінің жергілікті маңызы бар.
Облыс аумағында Еділ өзеніндегі салалардың тармақтары: Ахтуба, Бозан, Қиғаш т.б. өзендер бар.
Көлдері Облыста екі мыңнан астам көлдер бар. Олардың жалпы көлемі 800 шаршы шақырым шамасында. Облыс көлдері тұйық, ағынсыз болып келеді.
Облыста дүние жүзіндегі ірі көл — Каспий теңізі бар. Республика аумағындағы жағалау сызығының ұзындығы 2340 ш. Оның жартысына жуығы Атырау облысына тиеді. Индер көлінен құрамында бром калийі бар жоғары сапалы тұз өндіріледі. Жалтыр көліне Бағырлысай, Бүгілөзек секілді шағын өзендер құяды.
Бұдан басқа екі мыңнан астам шағын көлдер бар. Олар: Қамыскөл, Мешер, Дәулет, Толай-сор. Олардың 65-70%-і жаз кезінде құрғап қалатын уақытша көлдер.
Облыс аумағында жер асты су қорларының алты су кен орны ашылған. Оның төртеуінің суы пайдаланылуда. Олардың ең үлкені және қоры молы Тайсойған, Бүйрек және Қоянды құмдарында орналасқан. Қабатының тереңдігі 50–120 метр, қалыңдығы 30–70 метр.
Әкімшілік бөлінісі
нобай|100|Атырау облысы аудандарының орналасуы Облыста 2 қала (облыстық маңызы бар – Атырау, аудандық маңызы бар – Құлсары), 4 кент (Индербор, Мақат, Доссор, Жаңа Қаратон), 63 ауылдық округ, 149 ауыл орналасқан. Облыс құрамына 7 аудан кіреді.